17 ақп, 2021 сағат 11:14

«Қазпошта» сәлемдемеде жоғалған IPhone туралы түсініктеме берді

«Қазпошта» АҚ Пошта қызметтері және E-commerce бойынша басқарушы директоры Әлия Сүгірбаева АҚШ-тан жеткізілген сәлемдемедегі ұялы телефонның жоғалуы жөніндегі даулы оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бұл халықаралық пошталық жөнелтім АҚШ-тан Ыстанбұл рейсінің транзиті арқылы Қазақстанның Алматы қаласына жеткізілген.

«2021 жылдың 22 қаңтарында әуе рейсі келген сәтте бұл пошта жөнелтімі Алматы қаласы учаскесінің қызметкерлеріне берілген. Олар бірден Алматы қаласы Кедендік бақылау департаментінің Жетісу кеден бекетінің қызметкерлеріне кедендік тексеруге ұсынған. Кеден заңнамасына сәйкес, келіп түсетін барлық халықаралық жөнелтімдер міндетті түрде кедендік тексеруден өтуі тиіс. Тексеру кезінде кеден бекетінің қызметкерлері жөнелтімнің деректерін кедендік декларациямен салыстырады, онда жөнелтушінің, алушының мекенжайы, тауар (салыным) атауларының толық тізбесі және әрбір салынымның құны көрсетіледі. Жетісу кеден бекеті қызметкерінің тексеруі барысында кедендік декларацияға сәйкес, бұл клиенттің пошта жөнелтіміндегі тауарларды салу тізбесінде ұялы телефон көрсетілмеген», - деді Ә. Сүгірбаева «Қазпошта» ғимаратында өткен брифингіде.

 

Сонымен бірге спикер пошта жөнелтілімінің рентген-телевизиялық қондырғы арқылы ашпай сканерленгенін және онда ұялы телефонның көрсетілмегенін жеткізді. 

«Компания Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаментіне аталған пошта жөнелтілімін тексеру бойынша рентген-теледидар жабдықтарының архивін қарауға ресми сұрау салды. 12 ақпанда департамент қызметкерлері ресми жауап беріп, бейнематериалдар архивіне сәйкес, кедендік тексеру органдарының осы сәлемдемені тексеруі кезінде ұялы телефонның болмағаны туралы акт жасады. 

Бұл жөнелтімді интернет-дүкен емес, жеке адам жіберген, алушы ретінде Илья Гришко көрсетілген. Сондай-ақ, 72-декларацияға сәйкес, пошта жөнелтілімдері тізімінде IPhone12 ұялы телефоны көрсетілмеген, бұл барлық тиісті құжаттар арқылы расталған. Оның үстіне, ұялы телефон жіберілген жағдайда, жіберуші міндетті түрде кедендік декларацияда оның құнын көрсетуі керек», - дейді Ә. Сүгірбаева. 

Айта кетейік, 10 ақпанда бірқатар БАҚ-та елорда тұрғыны Илья Гришко туралы сюжет шыққан еді. Онда И. Гришко «Қазпошта» сәлемдемесінде өзі тапсырыс берген ұялы телефонның жоғалуына шағымданған.