Қазпошта биылғы маусым айында Бейрутпен, Ларнакамен және Белградпен халықаралық пошта байланысын қайта қалпына келтірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Ұлттық пошта операторы 105 мемлекетпен әуе жолдарымен, 35 елмен жер үсті көліктері арқылы пошта жөнелтілімдерімен алмасады. Халықаралық пошта байланысын әуе жолдары арқылы қалпына келтіру арқасында сәлемдемелердің бір елден екіншісіне жеткізу мерзімі қысқарады.
Өткен жылы көптеген елдерде пандемияға байланысты шектеулер енгізіліп, бұл өз кезегінде халықаралық сәлемдемелерді жеткізу мерзіміне әсер еткені белгілі. Қазпошта әуе жолдарынан басқа логистикалық шешімдерді қабылдау арқылы пошта байланысын жүзеге асыруға мәжбүр болды. Оның ішінде құрлық шекарасы бар мемлекеттермен автокөлік және теміржол арқылы пошта байланысы орнатылған болатын.
Қазіргі таңда Қазпошта 140 мемлекетпен халықаралық пошта байланысын жүзеге асырады.
Әзірге карантиндік шараларға байланысты Қазақстаннан Қытайға, Моңғолияға, Ливияға, Сирияға, Боливияға, Йеменге және Жаңа Гвинеяға халықаралық пошта жөнелтілімдері әлі де уақытша қабылданбайды.