18 мам, 2020 сағат 13:34

«ҚазМұнайГаз» орталық аппарат қызметкерлерінің үштен бірін жұмыстан босатты

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі атқарушы директоры Дәулетжан Хасанов компанияда дағдарысқа қарсы стратегия жасалып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының орталық аппаратында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны азаятыны туралы хабарлаған болатынбыз. Коронавирус пандемиясына байланысты мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі компанияның қаржылық жағдайына теріс әсер етіп отыр. Бірінші тоқсанда компанияның табысы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3 есе азайды. Әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт құлдырауы салдарынан кейбір еншілес кәсіпорындарымызда қаржы тапшылығы байқалып отыр», - деді Дәулетжан Хасанов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» компаниясында дағдарысқа қарсы стратегия жасалуда.

«Бұл стратегия шығындарды азайтуға және дағдарыстан кейінгі кезеңде мекеменің тез әрі тиімді дамуына мүмкіндік береді. Осы шаралардың аясында Директорлар кеңесінің шешімі негізінде компанияның жаңа құрылымы бекітілді. Оған сәйкес орталық аппараттағы штат 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттердің саны үш есе азайды. Басқарушы директорлар лауазымы жойылды. Осылайша «ҚазМұнайГаз» компаниясының орталық аппараты нарықтағы өзгерістерге тез әрі тиімді жауап бере алатындай жинақы болып, қайта құрылады», - деді ол.