12 сәу, 2022 сағат 20:34

Қазіргі қоғамға көркемдік кеңес ауадай қажет – Дүйсенәлі Әлімақын



Қазіргі таңда өз өлеңімен ерекшеленіп, жас ақындар арасынан суырылып шығып, танылып келе жатқан талант иесі, жас шайыр, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенәлі Әлімақын «Сарасөз» бағдарламасында қонақта болып, әдебиет жайлы ойларымен бөлісті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Қазіргі әдебиеттің көлемі де, ауқымы да кең деген жас ақын, сонымен қатар қазір бұрынғыға қарағанда жазып-сызатындардың саны көптеу екенін де жасырмады.

«Ақ пен қараның тең жүретіні сияқты, әдебиетті сүйетінде де, күнкөріс үшін жүргендер де бар. Біреуі шынайы әдебиетке үлес қоссам, яғни Құдайдың берген талантымен жұмыс істеп жатқанда. Екіншісі, осы әдебиетті ат шығарудың, бедел жинаудың немесе қазіргі заман тілімен айтқанда бизнеске айналдырудың құралы ретінде қарайды. Осылай қазір екеуі қатар жүріп келе жатыр. Оны ажырату үшін, оқырман өзінің көкірек көзіне байланысты. Шәкәрім бабамыздың айтқанындай, ой-көз, көкірек көзі дегенімізбен бір мағынада. Жақсы мен жаманды бір уақытта қалай саралау, қалай соның жақсысын алып, жаманын тастау, осыны дағдыға айналдыру, қазіргі тілмен айтқанда опық жеп қалмау. Бірдеңені оқығанда да, сен бір кітапты оқығанда уақытыңа жаның ашуы керек. Осы жағынан қарағанда, қазіргі оқырманның көбі сауатты деп ойлаймын. Оған біздің жақсы авторларымызды, жақсы ақын-жазушыларымызды оқып жүрген оқырмандарымыздың пікірі, көзқарастары осы сөзімізді дәлелдейді», – дейді Дүйсенәлі Әлімақын.

Оның айтуынша, жазушының жарнамасы өзіне байланысты. Нақты айтқанда, қалам ұстаған адамның мінезіне байланысты сияқты. Біреу өз атының әрбір жерде аталуын қалайды. Жиын-тойда, ел-жұрттың алдында жүргенді қалайды. Бірақ ол өзі талант. Ал біреуі қаламайды. Ол тек қана менің міндетім, менің миссиям – жазу, қалғанын оқырман өзі саралап алады деген ойда болады.

«Қазіргі қоғам үшін бұл сәл қауіпті нәрсе. Қазіргідей талантты және талантсыз адамдардың жапатармағай әдебиетке келгенінде, шын таланттылар көзге түспей, тасада қалып жатады. Оған енді кім кінәлі дегенде, әрине автордың өзі. Сен таланттысың ба, жақсы кітап жаз. Және оның жарнамасын жаса. Біз осыған дейін Жазушылар одағының жанынан ашылған көркемдік кеңес деген болды деп естіп келетінбіз. Қазіргі қоғамға осы көркемдік кеңес ауадай қажет. Себебі поэзияны да, прозаны да, тіпті әннің сөзін де оқырман талғамай жұтып жатыр. Бұл әрине, дағдарысқа әкеліп соғады. Дағдарыс болғанда, әдебиеттің, мәдениеттің дағдарысы болады. Мұны басқа өзге де шетелдік мемлекеттер әлдеқашан бастан өткізген. Бірақ олар бәрібір талантты әдебиетті талантты адамдар ғана жасай алатынын, тіпті оны топтасып емес, жеке, дара адамдардың жасайтынын әлдеқашан дәлелдеп берді. Оларда тәжірибе бар. Ал бізде қазіргі қоғам бәрін бірдей дамытқысы келеді, бәрін бірдей талантты қылып көрсеткісі келеді. ақын-жазушыларға арналған мүшәйраларда, шыны керек, тұлпар мен мәстек те қатар шауып жатады. Оған енді көз жұмып қарап отырған қоғам да кінәлі, бұл енді былайша айтқанда, талантты өлтіру. Кезінде жаңағы айтып отырған көркемдік кеңесте прозашылар айтатын: «Біз Әбіш Кекілбаевтың алдына барып жазған әңгімемізден, повесімізден үзінді оқып бердік. Соның өзі бір әдеби-сын мектептен өткендей болдық» деп естеліктерінде жазады. Ал ақындар «Біз Ғафу Қайырбековтың, басқа мүйізі қарағайдай ақындардың алдында өлеңдерімізді оқып, көркемдік кеңестен өткіздік» деп жатады. Міне қазіргі қоғамда көркемдік кеңестің ауадай қажеттігі осы жерде көрінеді. Мүйізі қарағайдай ағалар қазір де бар, мүмкін олар өз шығармашылығымен кетті, соңғы буынды оқымайды не ұқыпсыз қарайды. Кезіндегі ағаларымыздың жастардың, өзінен кейінгі буынға жазған алғысөздерін оқып көріңізші. Бір алғысөздің өзі – бір мақала, әдеби мақала, әдеби сын.

Жақында Ғалым Жайлыбай ағамыздың кітабына Фариза апамыздың жазған алғысөзін оқыдым. Ойланып-толғанған, кең әдеби-ғылым мақаламен бірдей болып тұр алғысөздің дәрежесі. Жан-жақты сараланған, автордың да, шығарманың да түйіні, өзегі ашылған», – дейді Дүйсенәлі Әлімақын.

Сонымен қатар, жас ақын өлеңге қалай келгені туралы да тілге тиек етті. Айтуынша, мектеп қабырғасында жүргенде азын-аулақ өлең жазып жүрірп, басқа пәндерге икеміміз жоқ екенін байқайды.

«Әдебиетке қызықтық, ептеп жаза бастадық. Содан ары қарай қызығушылық ұшқыннан лаулаған отқа дейін аралықта оттың жанғаны сияқты бірте-бірте лаулап келе жатыр. Бұл енді поэзияның бір құдіреті шығар деп ойлаймын. Мен ақын болмаймын деп шын ақын айта алмайды. Сенің талантың немесе шабытың болмасыңа қоймайды. Осыған дейінгі ақындардың кейбірі мүлде ақын болам деп ойламағандар. Ал оған қарағанда өзіңнің көзқарасыңды, ойыңды, ойыңа келген бір сезімді ұйқасты өлеңмен, қазақтың өлеңімен жеткізу әлдеқайда икемді болған шығар. Сол үшін өлеңге келдік деп ойлаймын», – дейді ол.

Ақынның айтуынша, мықты ақын болу үшін ақынға таланттан басқа еңбек қажет. Себебі біз қазір тамсанып оқитын қазақ ақындарының, әлем ақындарының бәрі де еңбектенген. Ешбір ақын, ешбір жазушы еңбексіз артына ештеңе қалдыра алмаған. Бәрі де күні-түні еңбектенген.

«Мысалы, Жұмекеңді алайық, Мұқағалиды алайық... Бір-бірімен жарысып өлең жазды дейді. Соның өзі - ұшан теңіз еңбек. Қазіргі оқырман соның нәрін алып жатыр. Ал бізден кейінгі, одан кейінгі ұрпақтарға ол таусылмайтын қазына. Сондай-ақ,  біз кешегі 30 жылда рухани құндылықтардың көбінен адасып қалдық. Көп ағаларымыз айтады, кешегі кезде бүгінгіге қарағанда оқырманымыз көп еді дейді. Бір ауылға немесе облысқа барсаң сені танымайтын адам жоқ дейді. Біз бәріне экономика деп ұрандадық, ал халықтың жағдайы мәз емес болды, шыны керек. сосын «аш бала тоқ баламен ойнамайдының» кері ондай халық, ондай қоғам қалай кітап оқиды? Әрине кітап оқу деген адамның көңіл-күйінің дұрыстығын да, әлеуметтік жағдайының жақсылығын да көрсетеді. Оған тағы экономикалық дағдарыс, ақпараттық соғыс, интернет әлемі, жан-жақтан тартып адамды, жаһанданудың бізге әсері осы болып отыр. Адамдарды таза рухани әлемнен уақытша әлемге жетелеп апара жатыр. Мысалы, осы рухани құндылықтың, оқырманның ең жақсы дамыған кезі – француз әдебиетінің шарықтап тұрған кезімен тура келеді десем, қателеспейтін шығармын. Әлі күнге дейін кітап оқитын, әлі күнге дейін газет сатып алып, бұрынғы көне мұралармен айналысып, соларды жинап жүретін оқырмандар сол жақта бар деп айтып жатады. Бұл - рухани құндылыққа сәл де болса сызат түспеген елдер. Ал, біздікі басқаша. Біз оқырманды жоғалтып алдық, рухани құндылық пен материалдық құндылықтың қайсы керек екенін шатастырып алдық. Осындай факторлар біздің оқырманды әрине адастырады. Бұл жерде сіз оқырман іздеп те әуре бола алмайсыз», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенәлі Әлімақын.

Айта кетейік, отандық араналардың біріндегі «Сарасөз» бағдарламасына қонақ болған жас ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенәлі Әлімақын әдебиет жайлы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, қазіргі әдебиеттің көлемі де, ауқымы да кең деген жас қаламгер, бүгінгі таңда бұрынғыға қарағанда жазып-сызатындардың саны көптеу екенін де жасырмады.