30 жыл ішінде атқарылған жұмыстар ядролық қаруды таратпау саласында Қазақстанның әлемдік көшбасшылығын нығайта түсті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2021 жыл Қазақстан үшін өте маңызды деп саналады. Себебі 29 тамызда біз Семей полигоны жабылуының 30 жылдығын атап өтеміз. 1991 жылы 29 тамызда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Ядролық қарусыздану мен оны таратпау біздің саясатта басымдыққа ие болды. Осы орайда Елбасы ядролық қарусыз әлем бағытындағы жұмыстарға жекелей қатысты. Соныман қатар, Қазақстанның сыртқы саясаты да халықаралық қауіпсіздік пен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жаһандық сын-қатерлерді шешуге бағытталған», - деді Ақан Рахметуллин Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, 30 жыл ішінде атқарылған жұмыстар қарусыздану, ядролық қаруды таратпау саласында Қазақстанның әлемдік көшбасшылығын нығайта түсті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ядролық қаруды таратпау Қазақстан саясатының басымдығы болып қала береді. Бұл өз кезегінде бізге ядролық қарусыз әлем үшін күресте алдыңғы шепте тұру құқығын береді», - деді ол.

А. Рахметуллин өткен уақыт ядролық қарусыздандыру дұрыс шешім болғанын дәлелдей түскенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Семей ядролық полигоны еліміз үшін орасан зор зардабын тигізгенін қадап айтты.
