28 сәу, 2021 сағат 01:14

Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулы өмірден озды


Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулы Халил Улуер жол апатынан қаза тапты.

Бұл жайында Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Facebook парақшасында мәлім етті. 

«Қымбатты достар, жеке өз жанұям және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі үшін ауыр суыт хабармен бөліскелі отырмын. Түркияның Невшехир провинциясында 2009 жылдан бері еліміздің Құрметті Консулы болып келе жатқан тамаша, ақкөңіл азамат, адал дос, түріктің белгілі іскер адамы Халил Улуер мырзаның бүгін кешкі уақытта жол апатынан қаза тапқанын терең күйзеліспен білдім. Халил Улуер - тек өз елінің емес, қазақ халқының нағыз жанашыр досы еді. Қазақстанның көк туын түрік жұртында әрдайым желбіретіп, Қазақстан үшін мақтан тұтатын біртуар азамат еді. Пандемия кезінде осындағы студенттерге қол үшін аямай көмектесіп жүрген болатын. Қазақстанға пандемия кезінде гуманитарлық көмек жолдап, қол ұшын бергендердің алдыңғы шебінде еді. Елімізге инвестиция тарту үшін күндіз-түні бірге кездесулер өткізіп, келіссөз жүргізді. Әттең, тағдыр оны бізге қимады. Қасиетті Ораза айында Алла тағала кешірімі мен мейрімін жазсын» деп жазды Абзал Сапарбекұлы.