Қытай нарығында соңғы кездері Қазақстаннан құрғатылған ұнтақ ретінде келетін биенің саумалы мен түйе сүтіне қызығушылық арта түскен. Қытайдың бірқатар ақпарат құралы осынау ұлттық сусын туралы арнайы мақала жариялады. ҚазАқпарат қытайлық БАҚ-та жарияланған мақалаларды оқырман назарына ұсынады.
«Маусым айында Қазақстан сахарасы гүлге оранады, алысқа көз тастасаңыз, ұшы–қиырсыз жайылымдағы салқын самалмен тербеліп, қоралы қой мен табын–табын сиыр, үйір-үйір жылқы көзге шалынады. Осындай көрікті жерлердің бірі Қарағанды обылысындағы елді мекенде Saumal және Saubota брендтерімен танымал түйенің және жылқының құрғақ сүт өнімдерін шығаратын «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясы орналасқан», деп жазған Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігі қазақстандық өнімнің Қытай нарығына шығу барысына тоқталыпты. Қазақстан Қытайға түйенің құрғақ сүтінің бірінші партиясын маусым айының басында жіберген болатын.
«Бұл жердегі 35 мың гектар жайылымда 200-дей түйе мен 2 500-ден астам жылқы емін–еркін жайылады. Түйе сүті мен жылқы сүтін қазақстандықтар дәруменге толы асыл сусын деп бағалайды. Жақында зауытымыздан шыққан түйе сүтінің талқаны Қытай базарына сәтті кірді. Жылқы сүтінің ұнтағы да Қытай нарығына кіреді деген ойдамыз. Бұл жағынан да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр» - дейді қытайлық басылымға сұхбат берген зауыт қызметкері Баян Елшінұлы.
Қарағанды облысында бие сүтінен ұнтақ өндіретін зауыт 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпорын түйенің құрғақ сүтін шығаруды игерді. Жылына 60 тонна түйе сүті талқаны мен 60 тонна жылқы сүті талқанын өндіре алады.
«Өткен жылы біз «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығына 609 млн теңгеге өнімімізді саттық. Сатылым биылғы жылы да артады деп үміттендік. Бірақ қаңтар айында шекара жабылды, қазіргі күнге дейін Қорғастың сауда алаңы жабық болды. Сондықтан, өндірісті сертификаттап, рұқсат рәсімдеп, маусым айының басында 7000 қалбырдағы көлемі 3,5 тоннадан асатын Saubota құрғақ түйе сүтінің бірінші партиясы Ганьсу провинциясының Ланьчжоу қаласына жөнелтілді. Осылайша, қазақстандық тауардың Қытайға экспортталуының ресми бастамасы жүзеге асырылды. Осы сәтті біз 5 жыл күттік. Қытай нарығына кіру өте қиын болғандықтан, үлкен жұмыс жүргізілді», - дейді «Еуразия Инвест ЛТД» ЖШС бас директоры Қадырбек Мейрамбеков.
Қытай ақпарат құралдарының хабарлауынша, түйе сүтінің ұнтағы Қарағандыдан 2020 жылдың 5 маусымында жөнелтіліп, 6 маусымда Қорғас портына келіп, 8 күн өткеннен кейін Ланчжоу кешенді кеден аймағына жеткізілген.
Қытайлық БАҚ түйе сүтін «шөлдегі алтын» және «сүттегі қазына» деп бағалаған. «Түйе сүті құрамында аллергендер жоқ, С дәрумені, В дәрумені, адам ағзасына қажет көптеген қанықпаған май қышқылдарына бай. Түйе сүті құрамында жоғары қоректік мазмұн мен жақсы дәм бар, ерекше ингредиенттер мен эффектілер оны жаңа премиум сусынға айналдырады», деп жазады қытайлық БАҚ.
Аталмыш өнімді ҚХР-ға импорттаушы Халықаралық сауда шекті серіктестігінің жауаптысы Каң Куейдің айтуынша, алғашқы сауда айналымы пандемияға және құжат жұмыстарына байланысты бірнеше айға созылған. Алайда, екі тараптың жемісті жұмысының арқасында барлық қолайсыздықтар еңсеріліп, үйлесімді айналым жобасы бекітілген.
«Қазақстаннан келген құрғақ түйе сүті өнімі Қытайда үлкен сұранысқа ие бола бастады. Ланжоудағы тұтынушылар тапсырыс берген соң 24 сағат ішінде Қазақстаннан әкелген түйе сүті талқанын тұтына алады. Гансу өлкесі аумағындағы басқа қалаларға бірнеше күн ішінде жеткізіледі», - дейді Каң Куей.
Сонымен бірге басылым, Қытай кедендік статистика деректерін келтіреді. 2019 жылы Қытай жалпы 1,36 млн сүт талқанын импорттаған. Бұл көлем 2018 жылдағымен салыстырғанда 20,8% артқан. Импорттың жалпы сомасы 8,3 млрд. АҚШ долларын құрады, жылдық өсім 15,5%. Індет өршіген биылғы төрт ай ішінде, құрғақ сүт өнімдерінің импортының өсуі жалғасып, 3,1 млрд АҚШ долларына жетіп, сәйкес мезгілмен салыстырғанда 5,5% артқан.
«Қазақстандық сүт индустриясының Қытай нарығына шығу – бұл бизнесті дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Қытайлық тұтынушылар түйе сүтінің ұнтағы туралы біраз біледі және нарық дамып келеді. Тексеру мен карантин стандарттары болмағандықтан, біз өндіретін жылқы сүтінің ұнтағы қазір Қытайға экспортталмайды, бірақ біз жылқы сүтінің ұнтағы туралы ақпараттарды Қытай нарығына белсенді түрде таратып жатырмыз», - дейді «Еуразия Инвест ЛТД» ЖШС бас директоры Қадырбек Мейрамбеков.
Кәсіпкер өнімдерінің Қытай нарығына шығу перспективасына толық сенімді.