Республиканың бірнеше өңірінде ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазгидромет» ақпаратынша, 12 наурызда Қызылорда облысында көктайғақ, боран күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел түнде кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз 15-20, кейде 25 м/с-қа дейін жетеді.
Қарағанды облысында жаяу бұрқасын болады. Жел оңтүстік-батыстан соғады, түндегі жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Маңғыстау облысында кей жерлерде боран, көктайғақ күтіледі, жел 17-22 м/с дейін күшейеді.
Қостанай облысында кей жерлерде жаяу бұрқасын мен тұман болады. Батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.
Ақмола облысында кей жерлерде жаяу бұрқасын, тұман түсуі ықтимал. 12 наурыз күні түнде батыстан, солтүстік-батыстан тұрған жел 15-20-ға жетіп, екпіні 23-28 м/с дейін барады.
12-14 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде боран тұрып, тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысып, кейде екпіні 23-28 м/с жетеді. Ал ауа температурасының 2-7 градустан 20-25-ке дейін төмендеуі күтіледі, кей жерлерде 30-ға дейін суытады. Ал өңірдің оңтүстігінде 15-ке дейін. 13 наурыз күні облыстың басым бөлігінде қар жаууы мүмкін.
12-13 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы күрт төмендейді – 13-15-тен 25-30-ға дейін, кейде 22 градус аяз.
13-14 наурызда Түркістан облысында кей жерлерде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ күтіледі. 12 наурызда күндіз көп жерлерде оңтүстік-батыс жақтан тұрған жел солтүстік, солтүстік-шығысқа ауысады, бұл күндері жел 15-20, екпіні 23-28 м/с дейін барады. 12 наурызда күндіз таулы аймақтарда жел екпіні 30 м/с жетіп, кейде одан да жоғары болмақ. 13 наурызда күндіз ауа температурасы күрт төмендейді, 16-20-дан кейде 6-11, 3-8 градус жылы, кей жерлерде 0-5 градус суықтықты көрсетеді.