18 сәу, 2019 сағат 17:14

Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

«Қазгидромет» РМК Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

19 сәуір түнде Ақмола облысының кей жерлерінде бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, жел екпіні кей жерлерде 15-20 м/с, таңертең және күндіз басым бөлігінде 15-20 м/с, кей жерлерде жел екпіні 25 м/с дейін жетеді.

Осы күні Нұр-Сұлтан қаласында солтүстік-шығыстан жел соғады, жел қарқыны секундына  9-14, таңертең және күндіз 15-20 метрге дейін күшейеді.     

19 сәуірде Қостанай облысының кей жерлерінде көктайғақ болып, тұман түседі. Солтүстік-шығыстан екпіні 15-20 м/с болатын қатты жел тұрады.

Қостанай қаласында 19 сәуірде солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.     

19 сәуірде Қызылорда облысында оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, жел күші 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с болады. Түнде кей жерлерде көктайғақ, найзағай сақталады.

19 сәуір күндіз Түркістан облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауады. Кей жерлерде найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы ықтимал. Оңтүстік-батыстан, солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20, 23-28 м/с дейін күшейеді.

Осы күні Шымкент қаласында найзағай жарқылдайды. Оңтүстік-батыстан, солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр болады. 

Түркістан қаласында да найзағай жарқылдайды. Оңтүстік-батыстан және солтүстік-батыстан қатты жел соғады, жел қарқыны 15-20, 25 м/с жетеді.

19 сәуірде Ақтөбе облысының оңтүстігінде тәулік бойы жауын-шашын болады (көбінесе қар), жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Солтүстік-шығыстан, солтүстіктен жел соғады, кей жерлерде жел екпіні 15-20, түнде 23 м/с дейін күшейеді.

Ақтөбе қаласында солтүстік-шығыстан, солтүстіктен жел соғады, екпіні 15 м/с дейін жетеді.