19 сәу, 2021 сағат 13:02

Қазақстанның бірнеше облысында жаңбыр мен қар жауады

"Қазгидромет" мәліметінше, 20-22 сәуір аралығында еліміздің кейбір өңірінде айтарлықтай суық болады. Жауын-шашын, тұман, аяз және қатты жел соғады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жауын-шашынның қарға ұласуына және елдің солтүстік жартысында ауа температурасының төмендеуіне себеп болған Скандинавия түбегінің аудандарынан келген суық антициклон Қазақстан арқылы жылжуын жалғастырады. Енді оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, сондай-ақ кей жерлерде 3 градусқа дейін аяз болады», делінген Қазгидромет хабарламасында.

Түркістан облысында 20 және 21 сәуірде ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жарияланды. Бұл күндері мұнда жаңбыр, кей жерлерде қар жауады, тұман, найзағай, бұршақ болады, желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Түнде ауа температурасы 3 градусқа дейін төмендейді.

Жамбыл облысының тұрғындарын да осындай жағдай күтіп тұр. Синоптиктер жаңбыр, кей жерлерде қар жауады, тұман түседі, найзағай, бұршақ жауады, екпіні секундына 23-28 метрге дейін дауыл соғып, көктайғақ болады деп болжап отыр. Күндіз ауа температурасы + 7 ... +12 градус болады, түнде -3 градусқа дейін күрт суытады.

Алматы облысында да ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 21 сәуірде жаңбыр жауады, кей жерде қар жауады. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге жетеді. Облыс бойынша кей жерде бұршақ, найзағай және көктайғақ күтіледі. Күндіз ауа температурасы +7... +12 градус болса, түнде -3 градусқа дейін аяз келеді.