02 нау, 2021 сағат 14:45

Қазақстанның бірқатар өзенінде ылғал қоры нормадан асып тұр – ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» РМК алдын ала берген болжамы бойынша Ақмола облысындағы Шағалалы өзенінің бассейнінде ылғал қоры нормадан 54%-ға, Солтүстік Қазақстандағы Есіл өзенінің бассейнінде 50%-ға және Ақтөбе облысындағы Елек өзенінің бассейнінде 39%-ға артық», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

ТЖМ деректері бойынша, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл өзендерінің, Қостанай облысындағы Тоғызақ өзенінің, Қарағанды облысындағы Нұра өзенінің бассейндерінде топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері нормадан асып тұр. Топырақтың қату тереңдігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарында өткен жылғы көрсеткіштерден орта есеппен 9-71 см артық. Қар жиналу процесі әлі де жалғасуда. 

«Қазіргі уақытта су ресурстары комитетінің бөлімшелері су қоймаларының толуына мониторинг жүргізіп отыр. Су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қар еріген кезде біртіндеп транзиттік жұмыс режиміне көшеміз, бұл көктемгі су тасқыны кезеңінде келетін суды жинақтауға және кедергісіз өткізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.