Қазақстанда бір жылдың ішінде абаттандырылған тұрғын үйді жалдау құны 9, абаттандырылмағаны 4 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды energyprom.kz порталы.
Портал мәліметінше, 2021 жылдың басында Қазақстан баспананы жалдау құны бойынша әлем елдерінің рейтингінде 138 мемлекеттік ішінде 107-орынға тұрақтаған. Бұл жалпы елімізде жалға алу құнының арзан екендігін білдіреді.
Рейтинг Нью-Йоркке қарағанда елдердегі жалға алу құны қаншалықты қымбат немесе арзан екендігін бағалайды. Бұл ретте Нью-Йорк индексі 100-ге тең. Демек, елдің индексі 110 балл болса, онда жалдау құны Нью-Йоркке қарағанда 10 пайыз қымбат деген сөз. Ал 95 пайыз болса, демек америкалық мегаполиске қарағанда бұл елде жалдау құны 5 пайызға арзан. Қазақстан индексі 9,31 пайызды құрайды. Ал баспана жалдау құны ең жоғары елдердің қатарында Бермуд аралы, Гонконг, Сингапур бар. Аталған рейтингке сәйкес, жалға берілетін ең арзан баспананы Ауғанстаннан табуға болады.
2020 жылдың желтоқсанында Қазақстанда абаттандырылған пәтердің жалдау құны бір шаршы метріне 1,6 мың теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,3 пайызға қымбат. Ірі қалалар мен мегаполистер арасында елордада пәтердің бір шаршы метрінің жалдау құны 2,9 мың, Алматыда 2,3 мың, Ақтауда 2 мың теңге. Ең төмені Семей қаласында тіркелген. Бұл қалада бір шаршы метр 1,2 мың теңгені құрайды.
Ал абаттандырылмаған баспананың жалдау құны орташа есеппен шаршы метріне 848 теңге, яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,5 пайызға қымбат. Мұндай баспаналарды жалдау Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында шаршы метріне 1,6 мың теңге болады. Ал Талдықорған қаласында абаттандырылмаған пәтердің шаршы метрін 1,1 мың теңгеге жалдауға мүмкіндік бар.