23 ақп, 2021 сағат 13:44

Қазақстанның барлық станциясында контейнерлерге тиеу рұқсат етілді

Қазақстанның барлық станцияларында контейнерлерге тиеу рұқсат етілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.

«Айтарлықтай перспективалы контейнерлік тасымалдарды дамыту мақсатында «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүк тасымалдарын жүзеге асыратын барлық станциялардың кірме жолдарында контейнерлерді тиеуге және түсіруге рұқсат берді. Рұқсат елдің көліктік және транзиттік әлеуетін ашу, сервис деңгейін арттыру және әкімшілік кедергілерді жою үшін клиентке бағдарлану шеңберінде берілді»,-делінген хабарламада. 

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүк жөнелтушілерге жүктерді тасымалы кезінде вагондарды ғана емес, контейнерлерді де пайдалануға тең мүмкіндіктер берілген. Бұл жұмыс экспорттық жүктерді контейнерлеуді ұлғайту шеңберінде жүргізілуде. Бұдан басқа, контейнерлік тасымалдар - уақыт талабы, олар қазақстандық экспорттаушыларға бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Бұл ретте көптеген елдер контейнерлік тасымалдарға көшетінін, контейнерлерді ауыстырып тиеу үшін инфрақұрылым дамитынын ескеру қажет. Мысалға, қазіргі уақытта Қытай жабық вагондардағы жүкті қабылдауда қиындық көруде, жүкті контейнерлерде тапсыру жылдам жүруде», - деп атап өтті «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Қанат Көбесов.

Қазіргі уақытта контейнерлерді пайдалану – Қытайға, Еуропа елдеріне және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне өнімдерін экспорттайтын теміржол клиенттері үшін аса қажетті қызмет. Контейнерлердегі жүктерді көліктің бірнеше түрімен: теміржол, автомобиль және теңіз арқылы тасымалдау оңай, осылайша жүктерді жеткізу географиясы кеңеюде. Сондай-ақ шекара маңындағы станцияларда контейнерлерді тасымалдауға және қайта тиеуге жұмсалатын уақыт шығындары қысқартылады.