Фото: chechnyatoday.com
52 жастағы елордалық кәсіпкер Мұхтар Сабырхан осы жылы ата-анасын үлкен қажылыққа жібергісі келген. Ол әке-шешесін Меккеге апаруды бұрыннан бері армандағанын айтады. Бірақ оның сөзінше, туристік операторлар ұсынған баға көңілге қонымсыз.
“Әзірге арманымды осы жылы орындауға мүмкіндік жоқ”, — дейді ол.
Қазіргі кезде Қазақстаннан Меккеге бару Өзбекстан мен Қырғызстаннан барғанға қарағанда әлде қайда қымбатырақ. Қажылыққа бару бағасының қымбаттауы көптеген қазақстандықты алаңдатып отыр. MNU Newsroom тілшісі оның себептерін анықтауға тырысып көрді.
Қажылыққа бару құны қанша?
Қазақстаннан қажылыққа баруды ұйымдастыратын туристік агенттіктердің ресми сайттарындағы деректерге сүйенсек, қызмет құны 3 миллионнан 5,6 миллион теңгеге дейін жетіп жығылады. Қажының сапар барысында алғысы келетін қызмет түрлерінің айырмашылығына орай, баға өзгеріп отырады. Мысалы, Меккедегі қағбадан алысырақ жердегі қонақүйді таңдау немесе бизнес емес, эконом санатындағы әуе билетін алу шығынды едәуір азайтады.
Туристік компаниялар қажылықтың комфорт, эконом және люкс қызметін ұсынады. Мысалы, “Қызмет Cаяхат” туристік компаниясы қажылық қызметін екі түрлі бағада ұсынады. Комфорт – 3,272,400 теңге, ал люкс қызметі 4,600,000 теңгені құрайды. Ал Kizmet.kz туристік агенттігінің бағаларына қарасақ, комфорт қызметі адам басына – 3,074,700 теңге болса, люкс 4,305,000 теңгеге шығады.
“Qazaq Travel” компаниясының редакцияға берген мәліметінде, қажылыққа жолдама құнына Медина мен Меккеге ұшу, тәулігіне 2 мәрте ас ішу, гид қызметі, қала ішіндегі трансфер, сақтандыру, виза, өзге де киелі жерлерге тур кіретіні жазылған.
“Бағаның қымбат болу себебі – Араб Әмірліктеріндегі қонақ үй мен ұшақ бағасы”, – деді “Qazaq Travel” өкілі Жәнібек Әлтаради.
Қажылардың айтуынша, Меккеге сапар бағасы бұрын да арзан болмаған. Қарағандылық жеке кәсіпкер Нұрлан Халмұратов 2020 жылы “Минатур” компаниясы ұсынған қажылық жолдамаға 1600 АҚШ долларын жұмсаған. Одан бөлек тағы $400 жеке шығындарына кеткен. Ал 2014 жылы сол компаниямен қажылыққа жалғыз барған Ержан Әкімов сапарға 3300 АҚШ долларын, яғни сол жылғы доллар бағасымен 500,000 теңге төлегенін айтады.
Әдетте қажылыққа барып келетіндер оның құнына аса мән бермейтінін тілге тиек етеді. “Бәрі ұнады. Мақсат қажылыққа бару болды, қонақүй, ұшақ сияқты басқа шаруаға көңіл аудармадым”, – дейді Әкімов.
Ескере кетсек, 2014 жылы АҚШ долларының теңгеге шаққандағы құны 150 теңге болған. Ал жылдық инфляция көрсеткіші 7,4 пайызды құрады. Сол жылдан бері инфляция орта есеппен жылына 10 пайыздан құлдырап отырды. Ал 2022 жылы тіпті 20 пайызға жетті. Биыл бұл көрсеткіш 12 пайыз межесінде қалып отыр.
Қазақстанда қажылық қалай ұйымдастырылады?
Әр жыл сайын қаңтар айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ немесе мүфтият) төрағасы бастаған делегация мен Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігіне қарасты мекемелер арасында келісім-шарт жасалады. Тек келісімшартқа қол қойылғаннан кейін қажылықтың маусымдық жұмысы басталады. Осы мақсатта елімізден қажылыққа барады деген азаматтар үшін қажылық орындары алдын ала бекітіліп, ҚМДБ бас мүфтиі мен Сауд Арабиясы министрі негізгі келісім-шартқа қол қояды.
ҚМДБ өкілінің редакцияға берген ақпаратында жыл сайын Сауд Арабиясы Қажылық министрлігі Қазақстанға 4-5 мың орын бөлетіні айтылған. Биылғы орын саны – 4 мың. Оны тарату-бөлу жұмыстарымен мүфтият айналысады.
Ал ҚМДБ коммерциялық емес мекеме болғандықтан, қажылықты ұйымдастыру жұмыстарын, яғни баратын азаматтарға қонақ үй және ұшақ билеттерін алу, транспорт қызметтерін бекіту секілді жұмыстарды туристік операторларға береді. Оларды ҚМДБ белгілі бір талаптар бойынша таңдап алып, қажылықтың орындалуын басынан аяғына дейін қадағалайды.
Діни басқарма өкілінің жауабында мүфтият қажылықты ұйымдастыру үшін Сауд Арабиясына жылына бірнеше рет барып, әртүрлі мекемелермен келісім-шарт жасайтыны жазылған. Сол келісімдер нәтижесінде қазақстандықтар үшін қызмет түрлері таңдалып, қажылық ұйымдастырылады екен.
Қазақстаннан Меккеге қажылыққа баратындар саны жыл сайын артып келеді және орта есеппен жыл сайын кем дегенде 4 мың адам Араб түбегіне сапарлайды. Ертеректе бұл көрсеткіш айтарлықтай аз болған. Мысалы, интернеттегі ашық дереккөздердің бірінде XXI ғасырдың бірінші он жылдығында жыл сайын қажылық жасайтындар саны 228 адамнан (2000 жыл) 3300-ге (2010 жыл) жеткен.
Қажылыққа баратындардың саны соңғы жылдары тіпті көбейген. Мәселен, 2014 жылдың өзінде 20 компания арқылы 5000 отандасымыз қажылық рәсімін өтеп келді.
Қажылыққа жіберуге құқылы туристік агенттіктер
Қазақстандықтардың қажылық парызын өтеуін ұйымдастыратын туристік компаниялар саны шектеулі. Биыл олардың саны — 18.
Мүфтият берген ақпаратқа орай, мекеме жетекшілері қажылықты ұйымдастыруға үміткер туристік операторлар арасында қажылық орындарын бөлу үшін ашық байқау жариялайды.
“Қажылық орындарын бөлу үшін қоғам және дін қайраткерлері, қажылық саласына қатысы жоқ діни қызметкерлерден құралған арнайы комиссия жинақталады. Туристік операторларға қажылық орындарын бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында “Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу» туралы ҚМДБ ережесі қолданылады”, — деп жазылған мүфтият баспасөз қызметінің жауабында.
ҚМДБ дерегінше, биыл байқауға 20 үміткер компания қатысқан. Олардың екеуінде талапта жазылған ІАТА (International Air Transport Association) сертификаты болмағандығы үшін өтпей қалды. Бұл қауіпсіздік талабы мүфтияттан емес, Сауд Арабиясы Қажылық және умра министрлігі тарапынан қойылған екен.
ҚМДБ өкілінің редакцияға берген дерегінде ҚМДБ қажылық маусымы кезінде бірнеше рет Меккеге жол тартқан қазақстандықтардың хал-ахуалын бақылап, қажылықтың дұрыс орындауын қадағалауға арнайы делегация жібереді. Осы мақсатта мүфтият туристік операторлардан әрбір қажылық орны үшін 100 АҚШ доллары көлемінде жарна алады.
Әуе компаниялары да таңдап алынады
Мүфтият туристік операторлардан бөлек, әуе компанияларын да байқау негізінде таңдап алады.
“2023 жылғы қажылық маусымында әуе тасымалдауды демонополизациялау арқылы қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚМДБ қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялар арасында 4000 қажыны тасымалдау үшін ашық конкурс жариялады (Сауд Арабиясы Қажылық министрлігі тарапынан әуе компанияларды таңдау бойынша қандай да бір шектеулер жоқ)”, — деп хабарлады мүфтияттың баспасөз қызметі.
Мүфтият өкілінің жазуынша, осы жылы байқауға қатысуға Кувейттің «Jazeera», Біріккен Араб Әмірлігінің «Air Arabia», Түркияның «Turkish Airlines», сондай-ақ Сауд Арабиясының «Flynas» әуе компаниялары қызығушылық білдіріп, тиісті құжаттарын өткізген. Осы ретте, қажылық орындарын алған 18 қазақстандық компания арасынан арнайы комиссия құрылып, үміткер әуе компаниялары ішінен үшеуі таңдап алынған. Нақтырақ айтқанда, жылдам жетуге “Flynas”, қолжетімді баға үшін “Jazeera” және қолайлылық үшін “Turkish Airlines” компаниялары сараланған екен. Сосын олардың өкілдерімен тиісті келіссөздер жүргізілген.
Орталық Азия елдерінде қажылық құны әртүрлі
Өзбекстан азаматтары үшін жергілікті туристік агенттіктер ұсынатын турлар бағасы – 4300-6000$. Тур құнына Мекке мен Мединаға ұшу, Меккеде 8 күн, ал Мединада 4 күн қонақүйде түнеу, тәулігіне 2 мәрте ас, гид қызметі, қала ішіндегі трансфер, медициналық сақтандыру, виза және өзге де киелі жерлерге саяхат кіреді.
Қырзыстаннан қажылыққа бару құны өткен жылы 5300 АҚШ долларына жеткен. Ал осы жылы қырғыз мүфтиятының келісімімен қажылық бағасы 4900 АҚШ доллары деп бекітіліпті.
Сауд Арабиясына агенттік қызметіне жүгінбей баруға қанша кетеді?
Priceline.com атты әуе билетін сату платформасында Астана-Медина бағытына бару және қайту құны орта есеппен 600 мың теңгені құрайды. Билетті бірнеше ай ерте алу мүмкіндігі болса, ол әлдеқайда арзан болады. Ал қонақ үй брондайтын booking.com порталындағы дерекке сенсек, Меккедегі қағбадағы ең жақын бес жұлдызды қонақ үйлер бөлмесі 60 мыңнан 150 мың теңгеге дейін барады. Ерте брондау арқылы оның да бағасын әлдеқайда төмендетуге болады. Ал Мединада төрт күн түнеу Меккедегі шығынның жартысына жетеді.
Одан бөлек, әуежайдан қонақ үйге және қонақ үйден қағбаға жеткізетін транспорт қызметі мен өзге де туристік қызметтер қосымша шығын болары анық. Бірақ қажылықты ұйымдастыратын туристік компаниялардың қызметіне бекіткен сомадағыдай қаржы кетпейді.
Редакция сөйлескен туристік агенттіктер өкілдері қажылықты ұйымдастыруға төленетін қаражаттың тағы қайда жұмсалатыны туралы анық мәлімет бермеді.
Қазақстандықтар қажылыққа өз күшімен бара ала ма?
Қоғам белсендісі, 1-топ мүгедек Марат Түсіпов биыл қажылық парызын орындаған айтты. Ол ешбір туристік агенттікке жүгінбей, Меккеге өзі барып қайтқан.
“Арзан ұшақ билетін көріп, Ыстанбұл-Медина арасына 132 500 теңгеге екі бағытта билет алдым. Хостел күніне 6500 (*7 күн) теңге (болды). Арзан және жақсы дәрежедегі қонақ үй. Мединадан Меккеге баруға 6500 (*2) теңге (төледім). Тамағы мен жүріп тұру бір күнге 10 мың теңгеден аспайды. Агенттік мен үшін тым қымбат (болды)”, – дейді қажы.
Қажылыққа екі рет барған қарағандылық кәсіпкер Думан Балабиевтің айтуынша, қажылыққа бірінші рет “арнайы туристік оператор арқылы бару сәл қымбат болса да ыңғайлы”.
“Себебі, компания виза ашу, қонақ үй алу, гид қызметін өздері қадағалайды. Кейбір кездейсоқ жағдайлар туындаса, компанияның гидтері (ұстаздары) көмектеседі. Себебі араб тілін жетік меңгерген. Жалпы жайлылықты таңдау керек болса, егде жастағы адамдар қажылық компаниясымен барған ыңғайлы. Ал екінші рет өз бетімен баруына болады”, – дейді Балабиев.
Мүфтият қажылыққа өз бетімен баруды “заңсыз” деп есептейді.
“Қажылық орындары” Сауд Арабиясы тарапынан «қажылық квотасы» деп аталуының себебі де осында. Әр елге шектеулі орын белгіленеді. Ол 1000 мұсылман арасынан 1 мұсылман қажылыққа келсін деген қағидадан туындаған”, – деп жазды мүфтият өкілі.
Informburo.kz жазуынша, осы жылдың шілде айында қажылық сапарды ұйымдастыратын «Zam Zam Qazaqstan» компаниясының ұйымдастыруымен Меккеге ұшқан қазақстандықтардың құжаттары жалған болып шыққан. Оларды Сауд Арабиясының жергілікті полициясы ұстап, тексеру жұмыстарын жүргізген. Артынша мүфтият туристік компанияға қажылықты ұйымдастыруға лицензия берілмегенін мәлімдеді. Ал Алматыда компания жетекшісіне қатысты №190 “алаяқтық” бабы бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары әлі де жүргізілуде.
Мұндағы мәселе 2019 жылдан бері Қазақстан азаматтарына 1 жылға берілетін туристік визада болып отыр. Туристік визамен қажылық маусымында Сауд Арабияның аумағына кіруге болады. Бірақ қажылық жасауға тиым салынады.
Таяуда 2024 жылдың қажылық маусымына байланысты өзгеріс еңгізілді. ҚМДБ мәлімметіне орай, қазақстандықтар келер жылы қажылыққа бару үшін биыл 20 қыркүйек пен 15 желтоқсан аралығында қажылықтың электронды жүйесіне тіркелуі керек, сондай-ақ қонақ үйге, Мина (қажылық рәсімінің орны) мен Арафат (Меккеден 20 метр жерде орналасқан, мұсылмандар үшін киелі тау) қызметтеріне тиісті төлем жасауы шарт.
Әмина Козбакова,