16 мау, 2017 сағат 13:55

Қазақстанға технологиялық бодандықтан сақ болуы керек - Нобель сыйлығының лауреаты

Нобель сыйлығының лауреаты Святослав Тимашев ақпараттық теxнологиялардың кеңінен дамығанын қалайды. Алайда осы салада технологиялық бодандықтан сақ болу қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақпараттық инфрақұрылымды дамытқан дұрыс. Ол жақсы. Соның арқасында адам өмірі ыңғайлы болады. Үйге кірмей жатып, жарықты қоса аласың және тағысын тағы. Алайда оның кері тұсы да бар екенін ұмытпау қажет. Мысалы, Huawei, Cisko, IBM сияқты компаниялар ақпараттық инфрақұрылымға қажетті датчиктерді және тағы басқа құрылғыларды сатады. Міне, соның бәрін сатып алғаннан кейін біз еріксіз ол теxнологиялардың құлына айналамыз. Кім біледі, ертең біреу оны өз мүддесі үшін пайдалануы әбден мүмкін. Сондықтан ақпараттық инфрақұрылымды жасағанда оның негізі өзіңдікі болуы қажет. Мейлі, темірді шетелден сатып ал, бірақ оны басқаратын мамандар жергілікті аймақтың адамдары болуы шарт. Сосын темірді алған күннің өзінде «жучоктар» бар ма, жоқ па, толығымен тексеріп шығу қажет», - деді Тимашев журналистерге берген сұxбатында.

Осы орайда ғалым кеңестік заманның жағымсыз бір тәжірибесін еске алды. Ол кезде америкалық компьютерлерді сатып алғанда ішінде арнайы блоктар болған. Сол арқылы теңіздің арғы жағында отырғандар барлық ақпаратты біліп жатты.

«Кезінде Польша өз жеріндегі жылу электр стансаларына шетелдің құрал-жабдықтарын сатып алды. Барлық қондырғылар арзанға түсті. Алайда ол құрал-жабдықтар бүкіл республикаға тарап, жылу электр стансаларының негізгі аппаратурасына айналғанда шетелдік компания қажетті бөлшектердің бағасын бірден көтеріп тастады. «Неге қымбат?» деп сұрағанда, «Алсаң ал, алмасаң қой! деп жауап берген екен. Амал жоқ, соған тәуелді болып қалды. Сөйтіп, ол компания Польшаның монополисі болып шыға келді», - деп атап көрсетті Тимашев.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір топ шетелдік ғалымдармен кездесті. Олардың арасында Нобель сыйлығының лауреаттары, танымал профессорлар, компания басшылары мен бұрынғы президенттер бар. Барлығы Астана экономикалық форумына қатысуға келді. Президент оларды Ақордада қабылдап, әлемдегі саяси-экономикалық жүйенің қалайша өзгеріп жатқанын жеткізді.