25 мам, 2021 сағат 19:07

Қазақстанға қоныс аударуға бел буған қандастар үшін жаңа сайт іске қосылды


«Отандастар қоры» әзірлеген erulik.kz веб-платформасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қордың бапасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара барысында шетелдегі қазақ қауымдастығына жаңа ашылған сайт жан-жақты таныстырылған.

Erulik.kz дегеніміз – Отанына қоныс аударуға бел буған қандастарға арналған веб-платформа.

«Сайттың басты мақсаты – Қазақстанға көшіп келуге шешім қабылдаған қандастарға басымдыққа ие 5 облыстың (Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары) әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен таныстыру және қоныс аударуға қолайлы елді мекендерді таңдауға мүмкіндік ұсыну», делінген хабарламада. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен әзірленген веб-платформа арқылы Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлаған кез келген қандасымызға орналасқысы келетін елді мекенге қатысты 21 көрсеткіш бойынша жан-жақты ақпарат беріледі. 

Атап айтқанда, сайтта елді мекендердегі бос тұрғын-жайлар, инфрақұрылым, әлеуметтік мекемелер, экономикалық әлеует туралы толыққанды ақпарат бар, сондай-ақ аймаққа фото шолу жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ұсынылады. 

Сонымен қатар, көшіп келген сәттен бастап көші-қон үрдісінде талап етілетін құжаттар, бейімдеу, балаларды балабақшаға, мектепке орналастыру, медициналық қызметтерді алу, тіпті кәсіпкерлік бастаудың оңтайлы тетіктері бойынша ақпарат беріледі.