19 нау, 2017 сағат 18:43

Қазақстандықтың Головкин - Джейкобс жекпе-жегіне тіккен 4 млн. теңгесі «күйіп» кетті

Қазақстандық жанкүйердің Головкин - Джейкобс жекпе-жегіне тіккен 4 миллион теңгесі  «күйіп» кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан бірнеше күн бұрын спорт жанкүйері  әлеуметтік желіде Геннадий Головкин мен америкалық боксшы Дэниэл Джейкобс жекпе-жегіне 4 миллион теңге бәс тігіп, қойылған чектің суретін жариялаған болатын.

Ол төрт раундқа бәс қойған.  Оның барлығы Головкиннің пайдасына, яғни төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші раундтарда Головкин америкалық қарсыласын нокаутқа жібереді деп болжам жасаған. Барлығына ол бір миллионнан қойып, төрт миллион теңге жұмсаған.

Головкин төртінші раунда жеңеді дегенге - 9 коэффициент, бесінші раунд - 8 коэффициент, алтыншы раунд - 8 коэффициент, жетінші раунд - 10 коэффициент берілген.

Ол осылайша Головкин  аталған раундтарда жеңіске жетсе, ірі ұтысқа кенелмек болады.

Өкінішке қарай бұл «құмарпаздың» ойлағаны оң нәтиже бермеді. Головкин 12-раундта ұпай санымен жеңіске жетіп, оның ұтысқа салған 4 миллион теңгесі қас-қағым сәтте «күйіп» кетті.