22 мам, 2021 сағат 13:42

Қазақстандықтардың инфекцияға қарсы препараттарға шағымы жиілеген


Қазақстандықтардың инфекцияға қарсы препараттарға шағымы жиілеп кетті. Бұл жайында Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық мәліметінше, осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында тұрақты пайдалануға арналған бактерияға, микобактерияға, вирусқа қарсы препараттар, АИТВ инфекциясын емдеуге арналған препараттарды, сондай-ақ вакциналарды қолдану кезінде жағымсыз реакциялардың байқалғаны туралы хабарламалар жиі түскен. Аталған препараттарды пайдаланған кездегі жағымсыз реакцияларға шағымдар келіп түскен хабарламалардың жалпы мөлшерінен 64,5 пайызын құрайды. 

Хабарламалардың басым бөлігін немесе 85 пайызын күтілетін, яғни дәрілік заттың жалпы сипаттамасында және препаратты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта сипатталған реакцияларға тиесілі. Дәріге болатын күрделі жағымсыз реакциялар туралы хабарламалар үлесі – 6 пайыз.

«Орталық жағымсыз реакциялардың карта-хабарламаларын тіркейді. Әрбір нақты жағдай бойынша дәрілердің күмән тудыратын жағымсыз әсерлеріне талдау жасайды. Жағымсыз реакцияның дамуы мен препаратты қабылдау арасындағы себеп-салдарға байланысты зерттейді және сараптамалық қорытынды ұсынады. ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті орталық қорытындысының негізінде, қажет болса, дәрілік препараттың қолданылуын шектеп, маркетингін тоқтатады. Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа өзгеріс енгізіп, нарықтан қайтарып алады және препараттың елде өндірілуіне, дистрибуциясына және қолданылуына тыйым салады», - делінген таратылған ақпаратта.