08 там, 2019 сағат 11:25

Қазақстандықтар жолдың сапасын бағалайтын болады

Биыл күзден бастап, қазақстандықтар жолдардың сапасын мобильді қосымша арқылы бағалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз еліміздегі жолдардың сапасын объективті түрде бағалауға болатын «Сапалы жол» атты жобалық кеңсе аштық. Бұл жобаға қоғамның әрбір белсенді азаматы қатыса алады. Осы арқылы азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, жолдардың сапасын қадағалаумен қатар онда орын алуы мүмкін сыбайлық жемқорлықтың алдын алғымыз келеді. Яғни ендігі уақытта қазақстандықтар жолдың сапасына өз бағаларын бере алады. Оның ішінде өңірлік жолдармен қоса, республикалық маңызы бар жолдар да бар», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент басшысының сөзіне сенсек, бүгінде жолдың сапасын қадағалап, бағалайтын мобильді қосымша әзірленіп, тестілеуден өткізілуде.

«Алдағы қыркүйек айынан бастап, әрбір тұрғын жолда келе жатып оның сапасына өзіндік бағасын бере алады. Барлық ұялы телефонда акселератор бар, ол сіздің жүрген қадамыңызды есептейді. Сол сияқты біздің қосымша да арнайы жолдың сапасын анықтайтын арнайы датчик бар. Сіз жолға шыққанда смартфонды көліктің панеліне қоясыз. Егер жол жақсы болса, телефоныңыз қозғалмайды. Ал жол тегіс емес немесе шұңқыр болса тиісінше вибрация береді. Тасжол қаншалықты шұңқырға толы болса, тиісінше вибрация да жиі болады. Жолаушылардың берген бағасы сол сәтте publicbudget.kz сайтындағы деректер қорына жіберіледі», - деді ол.

Оның айтуынша, өз кезегінде жолдың сапасын бағалау жобасын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қолдап отыр.