22 қыр, 2020 сағат 12:55

Қазақстандықтар жемқорлыққа төзімсіздік таныта бастады - Марат Бәшімов

Қазақстандықтар жемқорлыққа төзімсіздік таныта бастады. Мұндай пікірді Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта біздің санамыз өзгерген. Әркім өзін, отбасын ойлап, қарбаластық азайды. Көптеген жайттан қорқуды да қойдық. Міне, осының аясында жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізуіміз қажет», - деді ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында өткен онлайн брифинг барысында. 

Сонымен қатар М.Бәшімов елімізде бұл бағытта жүргізіліп жатқан реформалардың да жемқорлықпен күреске оң ықпал тигізіп отырғандығын баса айтты. 

«Адамдар ақшасымен, тамыр-танысымен жалтарып кетуіне мүмкіндік беретін барлық қалтарыстарға тосқауыл қойылды. Енді адам жасаған әрекеті үшін түрмеге отыратындығын түсінуі тиіс. Қазіргі уақытта елімізде «ашық бюджет» бойынша өте жақсы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарламаның арқасында кез келген азамат бюджеттің әр теңгесінің қайда жұмсалғандығын қадағалап отыра алады. Осы жұмысты одан ары жалғастырған жөн», - деді Марат Бәшімов. 

Институт директорының атап өтуінше, жемқорлардан мемлекет пайдасына өндіріліп алынған ақша қаражатын денсаулық сақтау, білім беру салаларына жұмсап, ауруханалар мен мектептер, балабақшалар салу қажет.