18 шіл, 2018 сағат 21:08

Қазақстандықтар тегін дәрі-дәрмекті уақытылы алатын болады - Біртанов

Ағымдағы жылы қазақстандықтар тегін дәрі-дәрмекті уақытылы алуы керек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің барлық кезеңі автоматтандырылып жатыр. Қазір түгел дерлік емхана қағазсыз жұмыс істеуге көшкен, яғни, әрбір дәрігерге қаралу электронды жүйе бойынша тіркеледі. (...)", - деді Біртанов дәрі-дәрмек сатып алуға арналған веб-порталдың тұсаукесерінде.

"Автоматтандырылған режимде электронды сатып алуды жүзеге асыру жоспарланып жатыр. Біз СК "Фармация" арқылы барлық деңгейде қалдықты көріп отырамыз. Бұл ақпарат емханада рецепт жазу және берумен синхрондалады. Мұнда тағы бір ескерту бар. Біз бөлінген және қалған дәрі-дәрмектерді көре аламыз. Сонымен қатар, кері байланыс орнатамыз, науқас алған нәрсесін sms немесе мобильді қосымша арқылы растай алады", - деді министр. 

Оның айтуынша, веб-порталда қалған дәрілердің нақты саны көрсетіледі.

"СК "Фармация" онлайн режимде қалған дәрі-дәрмекті көріп және қажет болған жағдайда қайта сатып алып, аймақтарға таратып отырады. Жыл соңына дейін сынақ нұсқасын жетілдіріп, келесі жылы көптеген қиындық шешіледі деп үміттенемін. Бірінші кезекте халық уақытылы дәрімен қамтамасыз етілуі керек", - деді Біртанов.