05 нау, 2026 сағат 16:27

Су тасқынына дайындық: Олжас Бектенов республикалық жедел штаб отырысын өткізді

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны жағдайымен танысып, Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысын сақтау және ықтимал қауіптердің алдын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.

Ақмола облысында биыл 163 елді мекен мен 32 жол учаскесі су тасқынына қарсы шаралармен қамтылған. Бірқатар өзен арналары тазартылып, тереңдетілді, гидротехникалық құрылыстар нығайтылды. Үкімет басшысы қалың қар, топырақтың тоңы және мол жауын-шашын су тасқыны қаупін арттыруы мүмкін екенін атап өтіп, әкімдерге бір апта ішінде тәуекелі жоғары елді мекендерді аралап, нақты шара қабылдауды тапсырды.

Министрліктердің мәліметінше, ел бойынша су басу қаупі бар 1242 елді мекен анықталған. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 39 мыңнан астам адам, 18 мыңнан астам техника дайындыққа келтірілді. Су қоймалары бақылауда, жолдар мен көпірлерге тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Сондай-ақ «Tasqyn» ақпараттық жүйесі арқылы тәуекелдерді модельдеу жалғасып жатыр. Премьер-министр деректерді өңірлерге жедел жеткізіп, алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға гидрологиялық мониторингті күшейту, су қоймаларын бақылау, жол инфрақұрылымын қадағалау, қар шығару және қажет болған жағдайда эвакуация шараларын пысықтау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа тапсырылды.