Сурет: pixabay
Бас прокуратура 8 наурыз қарсаңында алаяқтардың белсенділігі артатынын ескертті, деп хабарлайды Ult.kz.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алаяқтар азаматтардың мерекелік қарбаласын пайдаланып, олардың ақшасы мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады. Бұл кезеңде гүлдер мен сыйлықтарға тапсырыстар көбейіп, онлайн-төлемдер саны артады. Осындай жағдайды пайдаланған алаяқтар түрлі айлаға барып, адамдарды алдап соғуы мүмкін.
Мереке алдында олар азаматтарға қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, әртүрлі сылтаумен бір реттік SMS-кодты айтуды сұрайды.
Ең көп таралған тәсілдер мыналар:
гүл немесе сыйлық жеткізу рәсімделгенін айтып, «тапсырысты растау үшін» SMS-код сұрау;
жалған ұтыс, бонус немесе акция туралы хабарлап, телефонға келген растау кодын талап ету;
өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьерлік компания қызметкері ретінде таныстыру.
Бас прокуратураның мәліметінше, бір реттік SMS-код – қаржылық операцияларды растауға арналған құпия құрал. Оны үшінші тұлғаларға беру банк шотынан ақша шешілуіне, сіздің атыңызға несие рәсімделуіне немесе банк қосымшаңызға бөгде адамдардың қол жеткізуіне әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ банктердің қызметкерлері де, құқық қорғау органдары да телефон арқылы SMS-код, құпиясөз немесе банк картасының деректерін сұратпайтыны ескертілді.
Кей жағдайда жеткізу қызметтері немесе банк өнімдерін рәсімдеу кезінде растау коды шынымен қолданылуы мүмкін. Алайда мұндай код тек өзіңіз алдын ала берген тапсырысты растау үшін пайдаланылады. Егер жеткізу туралы күтпеген қоңырау келіп, сізден код сұралса, әңгімені бірден тоқтатқан жөн.
Бұдан бөлек, мереке қарсаңында алаяқтар әлеуметтік желілерде, соның ішінде Instagram мен TikTok платформаларында жалған парақшалар ашып, гүлдер мен сыйлықтарды өте арзан бағада немесе үлкен жеңілдікпен ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін мұндай парақшалар жабылып, сатушылармен байланыс үзіледі.
Осыған байланысты прокуратура азаматтарға:
гүлдер мен сыйлықтарды тек сенімді сатушылардан тапсырыс беруді;
төлем жасар алдында алушының деректерін мұқият тексеруді;
күмәнді сілтемелерге өтпеуді;
ешбір жағдайда бөгде адамдарға SMS-код пен банк деректерін бермеуді ұсынады.
Егер күмәнді жағдай туындаса, банкке ресми нөмір арқылы өзіңіз хабарласып, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.
