06 нау, 2026 сағат 16:48

Министрлік бір күнде отандық бизнестің жолын кесті


Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақстанда спорттық бәс тігулер бойынша барлық төлемдер тоқтатылды. Бұл шешім бизнес қауымдастықтың заңды наразылығын туғызды.

Букмекерлер қауымдастығы осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне, Президент Әкімшілігіне, Премьер-Министрге, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және ҚР Әділет министрлігіне ашық хат жолдады. Ашық хат Exclusive.kz сайтында жарияланды.

«Біз Қазақстан спортын қолдаймыз, салық төлейміз және гуманитарлық көмек көрсетеміз. Біз өркениетті әрі ашық реттеу жүйесінің сөзсіз жақтастарымыз. Сондықтан да сала бірнеше рет реттеу және мониторинг құралдарын енгізді. Ал Туризм және спорт министрлігі соңғы екі жылда, керісінше, Қазақстанның реттеу жүйесіне Ресейдің жеке құрылымдары мен ЦУПИС құралдарын енгізуге бар күшін жұмсады. Бұл ретте Ресейдің өзінде мұндай жүйені қолдану спорт саласында дағдарысқа әкелген. Ресейлік спортшылар халықаралық олимпиадалық қозғалыстан шеттетілді, букмекерлер тарапынан спорт федерацияларын қаржыландыру күрт қысқарды, сондай-ақ мемлекет тарапынан спортқа бөлінетін шығындар азайды», — деп жазылған хатта.


Қауымдастықтың айтуынша, 2024 жылдың жазында заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін Туризм және спорт министрлігі олардың орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдамаған. Осыған қарамастан, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары реттеу құралдарын Ұлттық банк, Қаржы мониторингі агенттігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ Ұлттық ақпараттық технологиялар инфрақұрылымы негізінде енгізуді ұсынған. Алайда Туризм және спорт министрлігі қазақстандық мемлекеттік органдар ұсынған құралдарды пайдаланудан бас тартты.

«Ұсынылған барлық шешімдер толық көлемде 2024 жылдың өзінде іске қосылуы мүмкін еді. Туризм және спорт министрлігінің өз өтініші бойынша қазақстандық финтех-компаниялар 2023 жылы-ақ технологиялық шешімдерін ұсынған болатын. Олар 2024 жылы іске қосылып, кейін мемлекеттік органның балансына берілмек еді. Бұл ұсыныс 2023 жылы Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық банктің және Туризм және спорт министрлігінің алаңдарында депутаттардың қатысуымен қаралды. 2024 жылы талқылау «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде жалғасты. Оған Туризм және спорт министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Әділет министрлігі және бірнеше саланың өкілдері қатысты. Талқылау келісудің соңғы кезеңіне жетіп, ұсыныс Әділет министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі тарапынан мақұлданған кезде Туризм және спорт министрлігінің өкілдері ешқандай түсініктеме берместен жұмыс тобынан шығып кетті», — деп келтіріледі хатта.


Нәтижесінде салада заң күшіне енгенімен, оны іске асыратын нақты құралдар болмаған жағдай қалыптасты. Бір қызығы, Туризм және спорт министрлігі мемлекеттік органдар мен бизнес ұсынған шешімдерді енгізуден бас тартты.

Осыған байланысты қауымдастық сотқа жүгінді. Сот бұл істі қарап, қауымдастықтың талабын қанағаттандырған болатын.

Алайда Туризм және спорт министрлігі сот шешімін де, мемлекеттік органдардың ұстанымын да елемей, жұмыс істемейтін ресейлік ЦУПИС жүйесін енгізуге табандап отырғандықтан, отандық букмекерлік нарықта төлем коллапсы орын алды.