Хабар арнасының жаңа бағдарламасында қазақстандықтар өз әкімдерін бағалай алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жаңа маусымда жаңалықтарды беру тәсілін өткірлеп, сараптамаларымыз тереңдей түсті. Материалдар анағұрлым еркін, әділ және түсінікті тілде айтылады. Жаңа бағдарламаларымыздың бірі шартты түрде «Әкімдер» деп аталады. Онда түсірілім тобы өңірлерге, елдімекендерге барып, халықтан әкім туралы сауалнама алады. «Әкімді танисыз ба?», «Ол қандай пайдалы жұмыс атқарды?» деген сұрақтар қойылады. Барлық жауапты жинап, журналист әкімнің өзімен жүздеседі», - деді «Хабар» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Агенттік төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы әкімдердің қызметі туралы тапсырманы еске салды.
«Преиздент халықтың ең кемі 30 пайызы танымайтын әкімді ауыстыру қажеттігін айтқан болатын. Біздің жаңа бағдарлама әкімдердің жұмысын жандандырып, халыққа жақын ете түседі», - деді ол.
Айта кетейік, «Хабар» арнасы Instagram желісінде жаңа тележүргізушілерге кастинг жариялады. Кастингке кәмелеттік жасқа толған, Instagram желісінде аккаунты бар кез келген азамат қатыса алады.
Жақында «Хабар» агенттігінің жаңа телемаусымы басталды. Агенттік құрамындағы республикалық «Хабар» мен «Хабар 24», «Kazakh TV» және «EL ARNA» телеарналары жаңа бағдарламаларын таныстырды.