02 қаз, 2019 сағат 15:40

Қазақстандықтар мессенджерлер арқылы анықтамалар ала алады

Қазақстандықтар бұдан былай танымал мессенджерлер арқылы бірқатар қажетті анықтама ала алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Көріп отырғанымыздай, әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып кетті. Міне, осы жайды ескере отырып, мемлекеттік қызмет алудың қосымша ыңғайлы сервистерін іске қосуды жөн деп шештік. Қыркүйекте сынақ түрінде чат-боттарды іске қосқан едік. Қазір пайдаланушылардың күннен-күнге артып келе жатқанын бақылап отырмыз. Бүгінгі күні Telegram-бот арқылы 20 мемлекеттік қызметті алуға болады. Сол секілді, «ВКонтакте» арқылы 19, «Facebook» арқылы 15 мемлекеттік қызметтің түрі қолжетімді. Жазылған пікірлерді ескере отырып, қызмет түрін арттырған абзал деп отырмыз», - деді Әсет Тұрысов елордадағы «Цифрлық күздің» таныстырылуында.

 

Осыдан кейін Ә.Тұрысов чат-боттардың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді.

 

Айтуынша, алдымен әлеуметтік желіні пайдаланушы тиісті хабарламаны жібереді. Ал ақылды жүйе адамдардың қатысуынсыз операторларға келген қызметтерді тең бөліп береді. Яғни, тиісті нөмір алып, атқарушы автоматты түрде тағайындалады. Мұндай жүйе жұмыс барысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Пайдаланушыға сұрауын орындаушылардың аты-жөні мен байланыс нөмірі туралы хабарлама түседі. Осылайша, пайдаланушы виртуалды кеңесшімен сөйлесе отырып, белгілі бір мемлекеттік қызметті ала алады.

 

Еске сала кетсек, бүгінгі «Цифрлық күзде» ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өндірісі министрі Асқар Жұмағалиев eGov-тың жаңартылған мобильді қосымшасы іске қосылатынын мәлім еткен еді.

 

Сонымен бірге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация басқармасының төрағасы Әсемгүл Балташева мекенжай анықтамасынан бөлек тағы 28 анықтаманың да жойылатынын жариялады.