Коронавирусқа қарсы отандық Qaz Covid-in вакцинасына бірқатар ел қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда вакцина шығаратын дәстүрлі зауыт болған жоқ. Пандемия келгенде белсенді жұмыс басталды, қазір алғашқы қазақстандық вакцина зауытының құрылысы аяқталып қалды. Оны насихаттауға келсек, әрине, бұл мәселемен айналысуды жоспарлап отырмыз. Вакцинаны ілгерілету үшін клиникалық зерттеулердің толық нәтижесін алу керек, өйткені барлық елдер бірінші кезекте клиникалық зерттеу параметрлерін сұрайды, оның тиімділігін тексереді, содан кейін өтінім беруі мүмкін. Қазір де біздің өнімге қызығушылық танытқан елдер бар, бірақ олардың барлығы клиникалық зерттеулердің нәтижесін күтуде», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте тілші сұрағына.
Бұл ретте Алексей Цой отандық вакцинамен бірінші кезекте Қазақстан нарығы қамтамасыз етілетінін, өз қажеттілігімізді толтырмайынша сыртқы нарыққа шықпайтынын айтты.