Қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы Чарльстон WTA турниріндегі қарсыластары анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған ірі жарыста әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Барти бастаған спортшылар бақ сынайды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 119-орында тұрған америкалық Кэти Макналлимен шеберлік байқасады.
Әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 107-сатыдағы германиялық тәжірибелі теннисші Андреа Петковичпен ойнайды.
Рейтингте 89-орында тұрған Зарина Дияс іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кортқа шығады. Егер Ю.Путинцева мен З.Дияс қарсыластарын ұтса, екінші айналымда өзара кездеседі.
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, рейтингте 822-орындағы Ярослава Шведова әлемнің 76-ракеткасы, жапониялық Мисаки Доимен күш сынасады.
Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан дода 5 сәуірде басталып, 11-інде мәреге жетеді.