Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Хорватиядағы Сплит 2 челленджер турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Доданың 2-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық жұп жартылай финалда Польша өкілдері Шимон Валков – Ян Зелинскимен кездесті.
Бұдан бір апта бұрын Сплиттегі осындай бірінші жарыстың финалында қазақстандықтар Ш.Валков пен Я.Зелинскиді ұтып, чемпион атанған болатын.
Бұл жолы поляктар сәттірек ойнады. Олар бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте тай-брейкте жеңісті бермеді – 7:6 (7:1).
Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.
Финалда Ш.Валков пен Я.Зелински франциялықтар Грегуар Баррер – Альбано Оливеттимен бас жүлдені сарапқа салады.
Қазақстанның екінші, әлемнің 101-ракеткасы Михаил Кукушкин Барселона ATP турнирінің іріктеу сайыстарында бақ сынайды. Ол бастапқы кездесуінде дүниежүзілік рейтингте 293-орында тұрған испаниялық Карлос Химено Валеромен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Қазақстан – Аргентина матчын жеңіспен бастағанын, кейін есептің теңескенін жазған болатынбыз.
Аргентинаның Кордова қаласында екі елдің арасындағы матч қайта жалғасады.
Бүгінге Елена Рыбакина – Надя Подороска, Юлия Путинцева – Мария Лурдес Карле, жұптық сында Ярослава Шведова мен Анна Данилина және Н.Подороска мен М.Л.Карле кездесуі жоспарланып отыр. Матчтың өтуіне және ойыншылардың жағдайына қарай өзгерістер енгізілуі ықтимал.