09 там, 2017 сағат 07:38

Қазақстандық оркестр Вивальдидің отанында құрметке бөленді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымының «Солистер академиясы» камералық оркестрі үстіміздегі жылы шілденің 30-ы күні Италия еліне гастрольдік сапарға аттанған болатын. Шығармашылық ұжым тамыздың 1-де алғашқы концертін Капри қаласында берсе, тамыздың 2-де Ариано Ирпино қаласында өнер көрсетті.

«Солистер академиясының» репертуарындағы А.Пьяцолланың «Жыл мезгілдері» мен П.Сарасатенің «Сыған ырғақтары»,  Э.Григтің «Хольберг мезгілдері сюитасы», К.Сен-Санс Интродукциясы мен Ронда каприччиозосы италиялық талғампаз тыңдармандардың көңілінен шықты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі ҚР Халық әртісі Айман Мұсаходжаева, ал дирижеры әйгілі Хесус Медина (Мексика). Оркестр солистері Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, концертмейстр Асқар Дүйсенбаев пен Халықаралық конкурстардың лауреаты Шынар Барлықова.

Қазақстандық өнер ұжымы әлі де Италияның Чилленто, Казаль-Велино, Сорренто қалаларына сапарлап, тамыздың 16-ы елге оралады. Ал тамыздың 20-ы күні Елордамыздағы «Қазақстан» ОКЗ «Солистер академиясы» «Мәңгілік қозғалыс» атты қорытынды концерт қояды. Концертте XVIII-XX ғасырлардағы ұлы композиторлардың шығармалары орындалады.