30 сәу, 2021 сағат 14:09

Қазақстандық ковид паспорттар шетелде мойындала ма?


Бүгін халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шетелде қазақстандық вакциналау паспортының өзектілігіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл мәселе қазіргі кезде шетелде талқыланып жатыр. Қозғалысты шектеу бойынша әлемде нақты бекітілген нормативтік құжаттар жоқ. Сондықтан бұл мәселе қарастырылуда», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Осы орайда ол бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

«Қазақстанда өзіміздің ақпараттық жүйені әзірледік. Қазір әрбір азаматта екпенің екі дозасын алғаннан кейін, вакциналаудың электронды паспорты берілуде. Егер халықаралық заңнамаға өзгеріс енгізілсе, біз интеграцияға әзірміз. Бұл тұрғыда біздің ақпараттық жүйелер халықаралық басқа да жүйелермен интеграцияға дайын болады. Қазіргі кезде әлем елдері тиісті талаптарды қойып отырған жоқ», - деді А. Цой.