Лас-Вегаста ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық ауыр атлет әлемдік рекорд орнатып, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, қазіргі уақытта Лас-Вегаста ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Додада ел намысын бес спортшы қорғауда.
Чемпионаттағы алғашқы медальды Қазақстан құрамасының қоржынына 16 жастағы спортшы Сайрамкез Ақмолда салған еді. Алматы облысының тумасы 61 килограмға дейінгі салмақ санатында алтын медальды жеңіп алды.
Ал бүгін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы сайыстың екінші күні 67 келіге дейінгі Сайхан Тайсуев қоссайыста 288 келі көтергенін (127 келі жұлқа көтеруде және 161 келі серпе көтеруде) хабарлады.
«Сонымен бірге Сайхан жұлқи және серпе көтеру жаттығуында кіші алтын медальді иеленді. Бұдан бөлек, Сайхан серпе көтеруде өзінің жас санатында жаңа әлемдік рекорд орнатты», - делінген федерацияның хабарламасында.