01 мау, 2021 сағат 20:41

Қазақстандағы ата-аналар кітап оқи ма?


ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ата-аналар арасында өздері үшін кітап оқи ма, жоқ па деген сұрақ бойынша сауалнама нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда 11 мыңға жуық кітапхана бар. 2021 жыл — Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланды, оның шеңберінде бүкіл ел бойынша бірқатар тиісті іс-шаралар жоспарланған. Дәстүрлі кітапханалық қызметпен қатар, Қазақстанда Ұлттық электронды кітапхананың жұмысы жетілдірілуде. 

Дегенмен, ата-аналардың мектептерге, мұғалімдерге деген наразылығы туралы үнемі естуге тура келеді, алайда барлығы отбасынан басталады. Білім берудің ең жақсы тәсілі — ол жеке мысал көрсету екені бұрыннан белгілі. Кітап оқу тұрғысынан қазақстандықтар балаларына қандай үлгі көрсетіп жатыр? 

Республикалық әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, некеде тұрған әр екінші респондент ешқашан кітап оқымайды.Үйленген респонденттердің тек 5,0%-ы күн сайын кітап оқиды. Кішкентай және ересек балалары бар, ешқашан кітап оқымайтын респонденттердің үлесі өте жоғары: отбасыларында 4 және одан көп баласы барлардың – 43,7%; бір баласы барлардың – 53,7%; ал кәмелетке толған балалары бар респонденттердің 56,3%-ы кітап оқымайды.