11 қар, 2020 сағат 15:37

Қазақстанда жасыл экономикаға көшу үшін қандай шаралар жүзеге асырылуда?

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы басқарма төрағасының орынбасары Мақсұт Әбілқайыров жасыл экономикаға ауысу үшін қандай шаралар жасалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпара.

«Жыл сайын Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жасыл технологияларды енгізу, жасыл инвестицияларды тарту тақырыбында конференция өткізеді. Париж келісімі аясында әр ел экологияны, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға қажетті экологиялық нормалар енгізуі керек. Қазақстан жаңа Экологиялық кодекс шеңберінде ең озық жоғары технологияларды енгізуге тырысады. Ең озық қолжетімді технологиялар қағидатын енгізу қажеттігі туралы норма жазылды. Біз Еуропалық Одақтың, Ресей Федерациясының, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін аламыз», - деді Мақсұт Әбілқайыров тілшілерге берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, қазақстандық және халықаралық сарапшылар пулы жасыл экономикаға және ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшу мәселесін талқылап жатыр. Әр өнеркәсіп нысаны өз бағыты бойынша жұмыс жүргізеді. Технологиялық аудит жүргізілген соң, қандай технологияны енгізу керектігі белгілі болады. 

Сонымен бірге, спикер ОҚТ қағидатын енгізудің ұзақ және ауқымды процесс екенін атап өтті. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы бұл жұмысты өткен жылдан бері жүргізіп келеді.

«Қазіргі уақытта кез келген институттан тартылатын кез келген инвестиция экологияны, яғни қоршаған ортаға зиян келтірмеуді қамтамасыз етуі керек. Шетелден тартылған әрбір доллар экологиялық бағалаудан өтуі керек. Барлық қаражат экологиялық нормативтерге сай болуы тиіс – энергиялық тиімді болып, СО2 (көмірқышқыл газы) шығындыларын азайтуы тиіс. Бұл – біздің орталықтың екінші бағыты, біз оған жауап береміз. Азия Даму Банкі шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 80 млн доллардан астам қаражат тарту жөнінде үлкен жұмыс жүргізуде. Келесі жылдан бастап шағын, орта және микробизнесті қаржыландыруға жасыл қаржы белсенді тартылатын болады. Яғни, жобаны қаржыландыруға қаражат тартылса, компания белгілі бір талаптарға, мысалы, СО2 шығарындыларына бағытталған қағидаларға сай болуы керек. Егер кәсіпорын жабдық сатып алса, ол энергиялық тұрғыда тиімді болуы тиіс», - деп түсіндірді М. Әбілқайыров.

Оның айтуынша, мүдделі кәсіпорындар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгіне алады. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы да кеңес беруге дайын.