09 ақп, 2021 сағат 10:40

Қазақстанда жаңа маневрлік қуаттар қашан салынатыны белгілі болды

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев жаңартылатын энергия көздері саласында (ЖЭК) жаңа маневрлік қуаттар салуға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкіметтің тапсырмасы бойынша KEGOC компаниясы заңнама талаптарына сәйкес ЖЭК электр энергиясын бірыңғай сатып алушы – «ЖЭК қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС (ҚЕО) құрды, ол 2014 жылдан бастап өзіне жүктелген барлық функцияларды орындай отырып, табысты жұмыс істеп келеді. Өткен уақыт ішінде KEGOC пен орталықтың үйлесімді жұмысының арқасында ЖЭК-ті қолдау жүйесі өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Атап айтқанда, компания ұсынған жобалау аукциондары 2019 және 2020 жылғы аукциондарда да өзінің тиімділігін растады, ЖЭК электр энергиясының рекордтық төмен бағалары алынды. Жалпы алғанда, орталықтың жалпы белгіленген қуаты 2 835 МВт болатын 134 РРА шартын жасасты», - деді Бақытжан Қажиев Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ҚЕО арқылы электр энергиясын өткізетін жұмыс істеп тұрған ЖЭК станцияларының саны жалпы белгіленген қуаты 1 570 МВт болатын 72 нысанды құрады. 

«Бұл ретте ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндірудің өсуі үдемелі қарқынмен жүріп жатыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты шарттарды есептемегенде, ЖЭК объектілерінің тек қана ҚЕО арқылы электр энергиясын өндіруі 2,5 млрд кВтсағ құрады. Ал 2025 жылға қарай 8 млрд кВтсағ-тан астам деңгейді құрайды деп жоспарланған», - деді компания басшысы. 

Оның сөзіне қарағанда, ЖЭК үлесінің өсуі елдің энергия жүйесі жұмысының тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету тұрғысынан жаңа талаптар қояды. Осыған байланысты, 2030 жылға дейінгі жалпы өндірістің 10 пайызын ЖЭК үлесіне қол жеткізу бойынша Үкіметтің қойылған мақсаттарына қол жеткізу үшін, Энергетика министрлігі KEGOC-пен бірлесіп Қазақстанның энергия жүйесін жаңғырту бойынша міндеттердің тұтас кешенін жүзеге асырып жатыр. 

«Бұл бірінші кезекте, жаңа маневрлік қуаттар салу, энергия жүйесін цифрландыру, теңгерімдеуші нарықты енгізу, энергия жинақтау жүйесін дамыту, энергия жүйесінің жұмысын болжау және модельдеу арқылы Қазақстан бірыңғай энергия жүйесін өндіруші қуаттар құрылымын диверсификациялау болып отыр. Жаңа маневрлік электр станцияларын салу мәселелері 2020 жылғы желтоқсанда қабылданған «Электр энергетикасы туралы» Заңға тиісінше түзетулер енгізудің арқасында өз шешімін табуда. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігінің басшылығы маневрлік генерациялау объектілерін орналастыру жоспарын дайындау және жаңа газ станцияларын салуға аукциондар ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Келесі жылы Қазақстанның оңтүстігінде жаңа маневрлік станциялардың құрылысы басталады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жаңа жаңартылатын энергия көздері құрылысын жеделдетуге мүмкіндік береді», - деді Бақытжан Қажиев.