2021 жылдың қаңтар айында Қазақстанда ресми дилерлер 8 мыңнан астам жаңа көлік сатты. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы хабарлады.
«Аталған кезеңде ресми дилерлер 8 136 көлікті сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 56,7 пайызға жоғары. Биылғы қаңтарда қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді алуға 80,5 млрд теңге жұмсап, 2020 жылғы деңгейден 68,4 пайызға артық болды», - делінген таратылған мәліметте.
Көлік сатып алушы 5 228 адам (64,3 пайызы) отандық зауыттардың өніміне өз таңдауын жасаған. Сонымен қатар, биылғы қаңтар айында сатылған 2 908 автомобиль (35,7 пайызы) импортқа тиесілі болып отыр.
Аталған мерзімде елімізде сұранысы жоғары брендтердің арасында Hyundai (2 392 көлік), Chevrolet (2 233), Toyota (1 046 ), Lada (575) және KIA (332) көліктері көш бастады.
Мұнымен қоса, сатылымы жоғары болған ТОР-ондықта – Nissan (249 көлік), JAC (246), Renault (200), Volkswagen (155) және GAZ (145) бар.