26 ақп, 2021 сағат 10:19

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау цифрландырылады

2020 жылдың қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 91 пайызын цифрландырды. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр 2020 жылдың соңына қарай Еңбекмині әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша елеулі нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. 

«Біз қызметтерді 91 пайызғаа цифрландырдық, 44 қызметтің 40-ы электрондық, оның 18-і проактивті түрде ұсынылады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 12,4 млн қызмет көрсетілді, соның 7,8 миллионы электрондық қызметке жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестері цифрландырылатын болады «, - деді министр.

Сонымен қатар, ол Еңбекмині Әлеуметтік қызметтер порталын дамытуды жалғастыратынын атап өтті. Осылайша, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік туады. Порталда техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің тізімі біртіндеп кеңейіп келеді, тауарлар мен арнайы әлеуметтік қызметтерді жеткізушілер саны өсіп отыр, 2023 жылдан бастап инватакси қызметі ресурсқа көшеді.

«Сонымен қатар, біз Цифрлық отбасы картасын құрумен айналысудамыз. Жоба өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды автоматты түрде анықтауға бағытталған және бұл азаматтарға әртүрлі мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін әлеуметтік қолдаудың белсенді кешенді шараларын ұсынуға мүмкіндік береді. Цифрлық әлеуметтік карта отбасының әл-ауқатының деңгейін болжауға қабілетті. Осылайша, жүйе оған енгізілген алгоритмнің арқасында азаматтардың көмекке жүгінуін күтпестен, өмір сүру сапасын жақсартуға және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына қатысты алалауды болдырмауға көмектеседі», – деп түсіндірді Серік Шәпкенов.

Бұдан басқа, ведомствоЭлектрондық еңбек биржасы порталын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Ресурста жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін көрсететін жаңа сервистер іске қосылды. Облыс орталықтарының, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың тұрғындары үшін жұмыс іздеушілерді және жұмыссыздарды тіркеу, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберу (әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы), ерікті қоныс аударуға көмектесу сияқты қызметтерді қашықтан ұсынуға жағдай жасалады.

2020 жылдың қарашасынан бастап, 14,5 мыңнан астам адам қашықтықтан қызмет алу мүмкіндігін пайдаланды. 11,7 мың азамат жұмыссыз мәртебесін алып, 3,4 мың адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілді. 

1,6 мыңнан астам жұмыссыз адам жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алуға өтініш жіберді, олардың 80%-ын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мақұлдады.

2020 жылы портал арқылы 629 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 66 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды.