16 мау, 2020 сағат 14:38

Қазақстанда вакциналардың құрамы туралы ақпарат қамтылған үкіметтік сайт құру ұсынылды

Елордадағы Горький атындағы театрдың актрисасы Светлана Фортуна вакциналардың құрамы туралы ақпаратты қамтитын үкіметтік сайт құру ұсынысын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ана ретінде екпеден кейінгі асқыну жағдайларын зерттеуге көп уақыт жұмсаймыз. Осы орайда екпелердің құрамына қатысты алдын ала ақпараттандыру шаралары болуы тиіс. Себебі, біз бұл тақырыпты зерттеу мәселесімен көп айналысамыз», - деді С. Фортуна Қазақстандағы міндетті екпе мәселесін талқылауға арналған онлайн конференцияда.

«Бұл бағыттағы ұсыныстар аясында үкіметтік сайт құру керектігін алға тартамыз. Онда вакциналарға қатысты барлық түсініктемелер, болуы мүмкін асқыну жағдайлары, екпенің тиімділігіне байланысты зерттеулер қамтылған жөн», - деді ол.

Оның пайымынша, бұл шаралар екпелер жайында толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. 

Конференция барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова статистикалық мәліметтерге тоқталды. 

«Вакциналау инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, екпе жасау жыл сайын 3 млн-нан адамның өмірін қорғайды», - деді Людмила Бюрабекова.