ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың қатысуымен демалыс орындарының жағдайларын талапқа сай қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл елдегі туристер санының бірнеше есе өскені байқалады. Дестинациялар бөлінісінде осы жылдың 7 айында Бурабайдағы туристер саны шамамен 2 есеге өсіп, 550 мың адамды құрады (2021 жылы – 300 мың адам). І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілер саны 50%-ға артқан. Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда «Шымбұлақ» тау курорты туристерінің саны екі есеге өскен.
Осыған байланысты жұмсақ инфрақұрылымға, әсіресе курорттық аймақтардың тазалығына жүктеменің артуы байқалады. Бурабай, Алакөл, Имантау-Шалқар курорттық аймақтарында, Алматы өңірінің ұлттық парктерінде, Маңғыстауда қоқыс контейнерлері жетіспейді.
Осы орайда Ералы Тоғжанов бір күндік мерзімде ұлттық парктер мен курорттық аймақтардың аумағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жиілігін ұлғайта отырып шығаруды, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін қосымша контейнерлер орнатуды тапсырды.
Сервис сапасын арттыру мәселелеріне жедел ден қою мақсатында shagym.kz модулін кеңінен енгізу арқылы туристердің шағымдары мен ұсыныстарын жинау процесін цифрландыру тапсырылды.
Кеңес барысында туристердің қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Айта кетейік, шілде айының басында Абай облысында Алакөл жағалауында болған ірі өрт бірнеше демалыс базасын қамтыды. Бұдан бөлек, акваторияларда адамдардың қаза болу фактілерімен қауіпсіздік ережелерін сақтамау жағдайлары жиілеп кетті.
Вице-премьер жергілікті атқарушы органдарға құтқарушылар санын арттыру және туристік полиция қызметін енгізу аясында жергілікті жерлердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.