20 сәу, 2022 сағат 09:55

Қазақстанда телеарналар мен радио жұмысы уақытша тоқтатылды


Телерадио хабарларын тарату желілерінде жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр. Сол себепті барлық телерадиоарнаны ретрансляциялау уақытша тоқтатылады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Қазтелерадио" ұлттық операторына сілтеме жасап.

"Телерадио хабарларын тарату желілерінде жоспарлы-профилактикалық жұмыстар 2022 жылдың 20 сәуірі сағат 03:00 мен 17:00 аралығында (Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен) жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты, яғни жұмыстар жүргізілген уақытта Қазақстанның барлық аумағында телерадиоарнаны ретрансляциялау уақытша тоқтатылады", - делінген хабарламада.

"Қазтелерадио" АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізетінін айта кетейік.

"Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет, ал тоқсан сайынғы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді, сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстар да жүзеге асырылады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз", - дейді ұлттық оператор.