20 шіл, 2022 сағат 08:36

Қазақстанда телеарналар мен радио уақытша өшіріледі


20 шілдеде Қазақстанда жоспарлы профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында телеарналар мен радиостанциялардың хабар таратуы уақытша тоқтатылады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2022 жылы 20 шілдеде сағат 03:00 мен 17:00 аралығында (Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен) жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Жұмыстар жүргізілген кезде Қазақстанның барлық аумағында телерадиоарналарды ретрансляциялау уақытша тоқтатылады", - делінген ҚР АҚДМ хабарламасында.

"Қазтелерадио" АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистер тоқтатылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

"Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет, ал тоқсан сайынғы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді, сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстар да жүзеге асырылады", - дейді "Қазтелерадио" АҚ баспасөз қызметі өкілдері.