Биыл Қытаймен су мәселесіне қатысты бірлескен комиссияның жоспарланған отырысы өтеді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Серік Қожаниязов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ғалымдардың болжамы бойынша Қазақстанда 2040 жылдарға қарай су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін. Еліміздегі су ресурстарының жартысына жуығы өзге мемлекеттердің аумағында қалыптасатынын ескере отырып, көршілес мемлекеттермен әріптестікке ерекше көңіл бөлу қажет. Өткен жылы Қытайдан басқа көршілес елдер арасында су мәселесіне қатысты бірлескен комиссияларының жоспарланған отырыстары түгел өтті. Пандемияға байланысты Қытай тарапы комиссия отырысын 2021 жылы бірінші тоқсанда өткізуді сұрады», - деді С. Қожаниязов.
Оның айтуынша, вегетациялық маусымда судың тапшылығын шешу мақсатында қырғыз тарапымен электр энергиясымен алмасу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Нәтижесінде, «Тоқтағұл» су қоймасынан 330 млн текше метр суармалы суды қосымша өткізу қамтамасыз етілді. Осы тәртіп бойынша Тәжікстан аумағынан 300 млн текше метр су жіберілді.
Cондай-ақ, жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы осы жылдың соңына дейін бекітіледі.
«Алдымызда тұрған ауқымды жұмыс су саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты. Қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Осыған талдау жасадық, содан бері кодекс 63 пайызға дейін өзгертулер мен толықтыруға ұшыраған», - деді Қожаниязов.
Оның айтуынша, қолданыстағы кодекс суды шаруашылық мақсатында пайдалануға бағытталған.
«Жаңа Су кодексі елдің су ресурстары әлеуетін сақтау, суға деген сұранысты басқару бағыттарын күшейтуі тиіс. Жаңа құжаттың тұжырымдамасы осы жылдың соңына дейін әзірленеді», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы 1 022 экологиялық тексеру жүргізілді. Тексерістер санының азаюы елдегі карантинге байланысты. Тексеру нәтижелері бойынша 2 875 заң бұзушылық анықталды. Оларды жою туралы 1 966 нұсқама беріліп, соның 1 540-ы орындалды.