Қазақстанда шетелдік интернет-дүкендерге арнайы салық салынуы мүмкін. Мұндай жоспардың бары туралы Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, электрондық коммерциядағы тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша нормативтік шараларды одан ары күшейту көзделген. Тауарларды қайтаруға, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тұтынушылардың дау-шарын шешуге байланысты проблемалар әлі де бар», - деді Нариман Әбілшайықов.
Бұл бағытта екінші жоспар – сауданы барынша заңды шеңберге, әлеуметтік желіге әкеліп, көлеңкеден шығару болып отыр.
«Бүгінгі күні әлеуметтік желілер арқылы сатылатын тауарлар көлемі жайлы мәлімет жоқтың қасы. Бұл нарық заң талаптары сақталмаған «сұр аймаққа» жатады. Ресми жүктемеден құтылған бейресми сектордың шағын субъектілері негізсіз бәсекелік артықшылықтарға ие болып келеді», - деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша үшінші жоспар – электронды саудадағы қазақстандық операторларды қолдау мақсатында заңнамалық тұрғыда отандық және шетелдік интернет-дүкендердің тепе-теңдігіне қол жеткізу жоспарланған.
«Салық төлемдерін жүргізбегендіктен, шетелдік саудагерлер отандық сауда алаңдарының алдында баға жағынан басымдыққа ие болып келеді», - деді Нариман Әбілшайықов.