17 сәу, 2019 сағат 15:15

Қазақстанда шахмат үйренгісі келетін бала көп - Анатолий Карпов

Шахматтан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Анатолий Карпов қазақстандық шахматшылардың табысы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Қазақстанда шахматшы жігіттер табандап тұрып қалды да, шахматшы қыздар жақсы ойнап келеді. Қыздардың бірнеше жүлделі орын алғанынан да хабардармын. Оларға тек қана табыс тілеймін», - деді танымал шахматшы ҚР Ұлттық музейінде өткен «Ресей-Қазақстан - ғарыштық дәуірді тұңғыш ашқандар» көрмесінде. 

Оның айтуынша, Қазақстанда шахматқа қызығушылық айтарлықтай артып келеді. 

«Шахматты мектептерде және арнайы орталықтарда үйретеді. Алматыда өзім дәл осындай екі орталықты ашқанмын. Шахмат үйренгісі келетін балалар көп. Өзге мектептерді айтпағанда, әлгі екі орталықта мың жарымнан астам бала жаттығады. Әрине, санның ішінен сапа іріктеліп шығады», - деді Анатолий Карпов.