01 ақп, 2021 сағат 09:02

Қазақстанда егіліп жатқан вакцинаның құны қанша?

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов вакциналардың бағасы туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дәрігерге «Ресейден жеткізілген және Қарағандыдан шығарылатын вакциналардың өзіндік құны қанша?» деген сұрақ қойылды.

«Іс жүзінде өзіндік бағалары шамалас болады. Бірақ, вакцинаны Қарағандыда шығаратын болсақ, әрине оның артықшылықтары бар. Біріншіден, өндіріске өзіміз тікелей қатысамыз, бүкіл өндіріс циклін қадағалай аламыз. Бұл бізге осы тәжірибені одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, логистикаға байланысты қандай да бір шығындар болуы мүмкін», - деді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында.

Ол коронавирусқа қарсы вакцинацияның халыққа тегін екенін еске салды және вакцинаның екі компонентті дозасының бағасын (өзіндік құнын) айтты.

«Екі компонентті доза бүгінгі күні 26 доллар (11021,4 теңге) тұрады. Бұл – ресейлік вакцина. Жалпы алғанда, вакцинаның бағасы қай жерде шығарылатынына қарамастан, Ресейде немесе Қазақстанда осындай болады», - дейді Қиясов.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.

Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.