17 қыр, 2020 сағат 07:53

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсіндегі өндіріс көлемін кемінде 1,5 есеге арттыру туралы нақты тапсырма жүктеді. Отандық машина жасау өңдеу өнеркәсібінің локомативі болды және ел басшылының басты назарында қала береді. Бүгінде отандық машина жасау кәсіпорындары Қазақстанның даму банкі, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламалары тетіктерін қоса алғандағы жеңілдікпен қаржыландырудан бастап, жеңілдікті лизинг пен экспортты ілгерлететін тетіктерін пайдалану арқылы сатуға дейінгі мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын қолдана алады», - деді ол. 

Роман Склярдың атап өтуінше, Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен алаңында қарапайым заттар экономикасы бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі мәселелерін жедел шешетін Жобалық кеңсе жұмыс істейді. Оның аясында кәсіпкерлік субъектілерін барынша қамту үшін қызметтер кодының тізбесі кеңейтілді, қаржыландырудың пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызға дейін төмендетілді, жергілікті атқарушы органдар үшін жергілікті қамту бойынша KPI белгіленді. 

«Аталған тетіктерге қосымша Өнеркәсіпті дамыту қоры деп аталатын жаңа тиімді тетік пайда болады. Қазақстанның машина жасауды дамытуға жәрдемдесу мақсатында 2019-2024 жылдарға арналған саланы дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. 2020 жылдың 8 айының қорытындысында машина жасау саласы 16 пайыз өсім көрсетті. Осы нәтиженің барлығы мемлекет пен бизнестің қажырлы еңбегі», - деді Роман Скляр.