02 мау, 2020 сағат 11:41

Қазақстанда өндірілетін кейбір өнімдер импорттан да сапалы - Бейбіт Атамқұлов

Биыл индустрияландыру жобаларында 17 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын Индустрияландыру картасы аясында жобалар іске қосылады. 2015-2019 жылдары ішінде 5,2 трлн теңгеге 556 жоба енгізілді, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал 2020 жылы әкімдіктердің деректері бойынша 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрып, 1,1 трлн теңгеге 160 жобаны іске қосу жоспарлануда», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингінде. 

Министрдің айтуынша, индустрияландыру жылдары өңдеуші өнеркәсіп салаларын дамытуда айтарлықтай өзгерістер болды. 

«Мысалы, жеңіл өнеркәсіпте шағын және орта бизнесті ынталандыра отырып, біз осы саланы іс жүзінде қайта жандандыра алдық. Қазіргі уақытта елімізде мата, кілем, балалар мен ересектер киімі, шұлық өнімдері, аяқ киім, бас киім және тағы да басқа тауарлар өндіріледі. Бұл ретте олардың сапасы импорттық өнімнен кем түспейді, кейде одан да асып түседі», - деді Б. Атамқұлов. 

Министрдің айтуынша, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде 1 мыңнан астам компания жұмыс істейді, онда 17,9 мың адам еңбек етеді.