10 ақп, 2021 сағат 16:34

Қазақстанда неге «Спутник V» вакцинасын өндіруге басымдық берілді?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда «Спутник V» вакцинасын өндіру жөнінде шешім қабылданғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, ресейлік вакцина – әлем бойынша тіркелген алғашқы вакцина. Оның тіркелген естіген кезде-ақ келіссөз жүргізуді бастадық. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан мен Ресей Мемлекет басшылары деңгейінде осы вакцинаны ҚР аумағына жеткізу және көмек көрсету туралы уағдаластық орнатты. Ресей Федерациясы тарапынан технологиялар трансфертіне, вакциналар өндіруге және Ресейден тыс жерлерде сатуға айрықша құқығы бар ресейлік тікелей инвестициялар қоры бар. Осы қормен келіссөздер жүргіздік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қазақстанда вакциналар өндірісі бағдарламасын жүзеге асыруда серіктес болуы мүмкін қазақстандық кәсіпорындардың тізімін ұсындық», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Ресейлік тікелей инвестиция қоры қазақстандық кәсіпорындарға талдау жасады және биологиялық препараттар шығаратын жалғыз кәсіпорын Қарағанды фармацевтикалық зауыты болып шықты. Қалған өндіріс таблетка, дәрі-дәрмек сынды химиялық заттарды көбірек шығарады. 

«Сол себепті жалғыз өндіріс таңдалды, содан кейін, әрине, белсенді жұмыс басталды. 1 ақпанға дейін вакцинаның алғашқы партиясын жеткізу міндеті тұрды. Біз күн сайын байланыста болдық. Қарағанды фармзауытының басшылығы өз өндірісінің бір бөлігін тоқтатып, өндіріс алаңын қайта құрды, барлық логистиканы пысықтады, тексерді, қосымша валидация жасады. Осыдан кейін сол жерде өндірісті іске қостық. Яғни, бұл вакцина өндірісін Қазақстанда бастаудың ең жылдам нұсқаларының бірі болды», - деп түсіндірді А. Цой.