Қазақстан Қарулы Күштерінде Ми-8 үлгісіндегі тікұшақтардың қолданысы тоқтатылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың тапсырмасы бойынша Ми-8 үлгісіндегі армиялық авиацияны қолдана отырып, арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді тексерісінің қорытынды кезеңін өткізу тоқтатылды. Шектеулер авиациялық апаттың себептері анықталғанша және біртипті әуе кемелерінде оларды болдырмау жөнінде кешенді алдын алу шаралары өткізілгенге дейін енгізілді», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.
Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.