01 шіл, 2020 сағат 09:51

Қазақстанда КВИ-ден емдеу хаттамасына жаңа схема енгізілді

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу хаттамасына жаңа схема енгізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. Аурудың белгісі жоқ күйінде де, белгісі ауыр күйінде де тіркеліп жатқандар артуда. Бұған қоса дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы да өзекті болып тұр. Нақтырақ айтқанда кейбір препарат бөлшектік сауда айналымынан жоғалып кетті», - деді вице-министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Өз сөзінде Людмила Бюрабекова коронавирус жұқтыру жағдайы бойынша елдегі соңғы мәліметтерді жария етті.

«Қазіргі таңда коронавирус жұқтырған науқастар КВИ-ді диагностикалау мен емдеу хаттамасына сәйкес емделіп жатыр. Бұл құжат Денсаулық сақтау министрлігінің сапа бойынша бірлескен комиссиясымен осы жылдың қаңтар айында әзірленіп, бекітілген болатын. Халықаралық деңгейде жаңа мәліметтердің түсуін және осы уақытқа дейін тәжірибені ескере отырып, бұл құжат бірнеше рет қаралып, оның соңғы нұсқасы екі күн бұрын мақұлданды. Құжатқа ем-домның жаңа схемасы – этиотропты ем, вирусқа қарсы терапия енгізілді. Препараттардың саны 4-ке артты. Қазіргі таңда лапиновир, ретоновир қолданыста. Ол ем-дом схемасында болған. Ал құжат бойынша қазір хлорохин және гидроксихлорохин, рендисивир және Жапония, РФ-да кеңінен қолданысқа енгізілген фавиаперавир енгізілді», - деді ол.

Вице-министр бұл препараттардың бәрі де тек стационарларда қолданылатынын жеткізді.

«Клиникалық тәжірибелер арқылы соңғы хаттама мақұлданды. Амбулаториялық деңгейде лапиновир, ретоновир және гидроксихлорохинмен емдеуге болатыны туралы шешім қабылданды», - деді ол.